Мұхамедиұлына қатысты іс бойынша сотқа Тұңғышбай Жаманқұлов шақыртылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс бойынша күдікті деп танылған Exponat компаниясының өкілі Азамат Көшенов сотта Тұңғышбай Жаманқұловтан жауап алуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін Астанада Арыстанбек Мұхамедиұлының ісіне қатысты сот басталды.

«Сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты шақыру туралы өтінішім бар. Бұл істі тергеу кезінде оның мәлімдемесі қамтылған еді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында А. Мұхамедиұлымен байланысым туралы жариялады. Яғни, бұл тұрғыда жалған ақпарат берді. Сондықтан өз мәлімдемесін түсіндірсін. Осы орайда оны сот отырысына куәгер ретінде шақыртқымыз келеді», - деді А. Көшенов елордада өтіп жатқан сот отырысы кезінде.

Өз кезегінде прокурор актер Т. Жаманқұловты сотқа шақыртуға негіз жоқ екенін айтты.

Жақында бюджет қаражатын талан-таражға салу айыбы тағылған А. Мұхамедиұлы, А. Нұразхан, А. Көшенов және А. Садуақасованы айыптау бойынша қылмыстық іс Байқоңыр аудандық №2 сотына түсті.