Мұхамедсабыр Базарбайұлына тәжірибе жетіспей қалды - Мырзағали Айтжанов

Фото: Фото: kfb.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен халықаралық лицензиялық турнирде 63,5 келі салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлының не үшін жарысты ерте аяқтағанын түсіндіріп берді.

«Шындығын айту керек, біздің құрамада 63,5 келі салмақта нақты әлі бір көшбасшы болып тұрған боксшы жоқ. Әр халықаралық турнирде әр түрлі боксшы апарып жүрміз. Бұл салмақта Азия ойындарына барған боксшымыз мұрынын сындырып алған еді. Қазір қатарға қосылып, оқу-жаттығу жиындарында жүр. Енді, лицензиялық турнирге алып барған Базарбайұлына тоқталып өтсем, ол Италияда негізі жақсы жұдырықтасты. Оған тек тәжірибе жетіспей қалды. Өте асығыс қимылдар жасады, жұдырықтасқан осы екен деп бірден төбелесіп кетті. Бокс дегеніміз төбелес емес. Біз соны ұғынуымыз керек. Бокста қол-аяқпен бірге басты да істете білу керек. Ақылмен жұдырықтасу жеңіске алып келеді», - деді бас бапкер.

Сонымен қатар Айтжанов енді келесі Банкгокта (Таиланд) 23 мамыр мен 3 маусым аралығында өтетін іріктеу турниріне Базарбайұлын апару-апармау туралы пікірімен де бөлісті.

«Таиландқа дейін әлі уақыт бар. Ол лицензиялық турнирге кімнің баратынын әлі шешкен жоқпыз. Ақылдасамыз, осы салмақтағы боксшыларды салыстырып, турнирге жақындағанда кімнің баратынын нақты шешеміз», - дейді Айтжанов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бас бапкер шәкірттерінің жетістігіне разы болғанын айтып берген еді.

Айта кетейік, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының қоржынында бүгінге дейін алты жолдама бар. Оларды Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) жеңіп алды.