Мұхаммед пайғамбар жазған хаттың көшірмесі көрмеге қойылды

Фото: Фото: Зұлқарнай Ермұрат/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азиядағы ислам каллиграфиялық шеберлері Астанада бас қосты. 

Астанада алғаш рет «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» атты көрме ашылды.

Фото: Зұлқарнай Ермұрат/Kazinform

Ел астанасында ұйымдастырылған көрмеге графикалық жазу өнері шеберлерінің 30-ға жуық туындысы қойылған.

Фото: Зұлқарнай Ермұрат/Kazinform

Елордаға жеткізілген құнды жәдігерлер қатарында имам Аль-Бухаридің сия сауыты, «Омар ибн Хаттабтың қаны тамған» Құран кітабының көшірмесі және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Византия императоры мен Бахрейн короліне жазған хаттарының көшірмелері бар. Оны өзбекстандық каллиграф Хабиболла Салих жазып шыққан. Айтуынша, бұл Құран кітабының 7-ші көшірмесі. Ең алғашқы жазбаға 3 жылдан астам уақытын арнапты.

— Қалған алтауы екі жылға жетер-жетпес уақытта жазылды, — дейді ол.

Фото: Зұлқарнай Ермұрат/Kazinform

Каллиграф Хабилолла Салих атап өткендей, бұл туындыларды Өзбекстандағы ағайын көріп, тамашалап жүр.

— Осы Астанадағы көрмеге арнайы қазақ бауырларымыз көрсін деп алып келдім. Енді қарап отырсаңыз, Пайғамбарымыздың жазған хатын айнытпай көшірдім. Папирустың көлемдері де бірдей. Бұл көшірменің бір ғана данасы. Басқа жоқ. Бұдан бөлек, «Омардың қаны тамған Құран» деп аталады. Оны жеті рет көшіріп жаздым. Ең алғашқысы ұзақтау болғанымен, кейінгілерінде қолым үйреніп кетті. Негізі мұндай көрмелерді жиі ұйымдастырып тұру керек деп ойлаймын. Себебі, каллиграфия өнері ұмыт болып бара жатыр, — деді Хабилолла Салих.

Фото: Зұлқарнай Ермұрат/Kazinform

Бұдан бөлек, көрмеге Орта Азиядағы жазу өнерімен айналысып жүрген басқа да шеберлердің туындылары да қойылған. Негізгі мақсат — ұмыт болған өнерді насихаттау, каллиграфия жазуын дәріптеу.

Фото: Зұлқарнай Ермұрат/Kazinform

Каллиграф Орынбасар Асылбектің сөзінше, «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» атты көрмеге 5 мемлекет шеберлері қатысып жатыр.

— Бұл көрмеге 5 мемлекет түрікмен, тәжік, өзбек, қазақ, қырғыз елдерінен келген шеберлер қатысып отыр. Орталық Азия елдерінің көрмесі алғаш рет қолға алынды. Әрі бұл Қазақстанда бастау алды. Алдағы уақытта басқа қа көрші мемлекеттерге жеткізілетін болады. Бұл жердегі ең басты нәрсе тек қана дінді емес, діннің өнерін насихаттау. Сәулет өнері болады, каллиграфия өнері болады, басқа да тұстарын таныта білу және де насихаттау, — деді Орынбасар Асылбек.

Фото: Зұлқарнай Ермұрат/Kazinform

Айтпақшы, көрме ел тәуелсіздік алғалы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Көрме үш күнге жалғасады. Кіру тегін.

Бұған дейін Бельгия астанасында қазақстандық зергердің көрмесі өтіп жатқанын жазған едік.