Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Олимпиада ойындарына қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Париж Олимпиадасына берілген жолдама саны 10-ға жетті. Бұл лицензияны ел құрамасынан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) алды.
Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 63.5 келі салмақ дәрежесінде молдовалық Александру Парасчивпен жұдырықтасты. Жекпе-жекте отандасымыз жанкүйер сенімінен шығатын деңгейде өнер көрсетті. Нәтижесінде жеңісті төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшыға берді. Есеп – 5:0.
Айта кетсек, бұдан бұрын Таиландтағы турнирде Назым Қызайбай (50 келі) мен Валентина Хальзова (75 келі) Париж Олимпиадасына жолдама алып үлгерді.
Ал, аталған турнирде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолын ерте аяқтады.
Еске салсақ, еліміздің ерлер құрамасында Олимпиадаға ертерек Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жолдама алып қойған еді. Мұндай мүмкіндікке әйелдер құрамасынан Карина Ибрагимова (57 келі) ие болды.