Мұхиттардың жылыну қарқыны 4 есе жеделдеген

Фото: Фото: azertag.az

АСТАНА. KAZINFORM — Мұхиттар бұрынғыдан да жылдам жылып жатыр, ал спутниктік деректерге негізделген жаңа талдау бұл процестің жай ғана тұрақты емес, өте қарқынды жылдамдықпен үдей түсіп жатқанын көрсеткен. 

Егер 1980 жылдардың соңында мұхит бетінің температурасы он жылда 0,06°C-қа өссе, 2019 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш 0,27°C-қа жеткен, яғни төрт еседен астамға артқан.

AZƏRTAC агенттігі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, Еуропалық ғарыш агенттігі мен Рединг университетінің зерттеушілері 20 спутник пен микротолқынды сенсорлардың деректерін жинап, калибрлеген. Бұл оларға теңіз бетінің температурасына қатысты ең сенімді жаһандық мұрағатты жасауға мүмкіндік берді. 1980 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Олар жанартаулар мен күн циклдері сияқты табиғи факторлардан бастап Эль-Ниньо мен Ла-Нинья әсерлеріне дейін барлық ықтимал бұрмалаушы әсерді ескерді.

Бұл үдеуді ешқандай табиғи себеппен түсіндіру мүмкін емес. Негізгі себеп Жердің энергетикалық тепе-теңдігін бұзатын парниктік газдардың жиналуы. Күннен келетін жылу мөлшері ғарышқа қайта шығатын жылудан асып түсіп жатыр.

Мұхиттың жылынуы есеп берудегі сандардың ғана өзгерісі емес. Судың жылынуы:

тропикалық дауылдарды күшейтеді;

маржан рифтерінің жойылуын жеделдетеді;

балықтар мен теңіз тіршілігінің таралу аймақтарын өзгертеді;

мұздықтардың еруі мен судың кеңеюі есебінен теңіз деңгейін көтереді;

құрлықтағы ауа райына құрғақшылық пен нөсерлерге әсер етеді.

Зерттеу авторларының бірі Крис Мерчанттың айтуынша, тіпті теңіз бетінің температурасының болмашы өзгерістері «жылудың мұхиттың терең қабаттарына қаншалықты еніп жатқанын нақты көрсетеді» ал бұл алдағы ондаған жылда климатты өзгертуі мүмкін.

Мұхиттардың жылынуының жеделдеуі инфрақұрылымға, биологиялық әртүрлілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етіп отыр. Бұл зерттеу ESA MOTECUSOMA жобасының — Жердің жылу тепе-теңдігін ғаламдық бақылау бағдарламасының — бір бөлігіне айналды. Жиналған деректер климаттық модельдерді дәлірек етуге негіз болады.

Алдағы жылдары мұхиттардың температурасын тіпті жоғары дәлдікпен бақылауға мүмкіндік беретін жаңа спутниктік миссиялар іске қосылады. Олардың қатарында жоғары дәлдіктегі спектрометрмен жабдықталған эталондық TRUTHS миссиясы да бар.

Соңғы қырық жылда мұхит буферден ғаламшардың артық жылуын көрсететін термометрге айналды. Егер көмірқышқыл газының шығарылуын тоқтатпасақ, жылыну қарқыны арта береді. 

Айта кетелік Оңтүстік Корея парниктік газдар шығарындыларын бақылайтын спутниктерді ұшыруды жоспарлап отырғаны туралы жазған едік