Мұхитты пластиктен тазалау мүмкін бе? - The Guardian

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Адамзат пластиктің мұхит суына түспеуін қадағалауға тырысуда. «Дегенмен, мұхитты тазалау жобаларының да маңызы зор» деп жазады The Guardian басылымы.

Мақалада жазылғанындай, Гавай аралдарында инженерлер мен ғалымдар тобы ұзындығы 600 метр болатын қоқыс жинайтын құрылғыны орнатқан. 2018 жылдың желтоқсанында бұл құрылғы екіге бөлініп кеткендіктен алынып тасталған еді.

«Мұхитты қоқыстан тазалау жобасы 2017 жылы мамыр айында қолға алынды. Жобаны теңіз ғалымдары мен экологиялық топтар қатты сынға алған болатын. Дегенмен, The Ocean Cleanup жобасы пластикпен ластану көрсеткішін азайтып жатқанына сенімділер қатары күннен күнге артып келеді» деп жазады басылым.

Мақала авторының жазуынша, пластик қоқыстар мұхит пен мұхиттағы тіршілік үшін өте қауіпті.

«БҰҰ мәліметтеріне сенсек, жыл сайын теңізге 8 млн. тонна пластик қалдықтары лақтырылады. Сол себепті мұхитты пластиктен тазарту идеясының өзі ақылға сыймайды» депті автор.