Мұхтар Әбіләзов 40 млн долларға тауықтың сан етін қалай «сатып алды»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда.

Соттың бүгінгі отырысында Мұхтар Әбіләзовтің оффшорлық компанияларын несиелеу кестесіне қатысты бірнеше эпизодтар қарастырылды.

«2008 жылдың шілде айында «Grove Services Inc» және «Daniels Tradekorp Inc» оффшорлық компаниялары арасында 50 мың тонна мұздатылған тауықтың сан етін жеткізуге келісім жасалады. Атап айтарлығы, БТА банк аталған мәмілені жүзеге асыру үшін 40 миллион АҚШ долларына несиелік желіні іске қосады»,- деп хабарлады сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі Талғат Амантай.

«Тауықтың сан етін жеткізу кестесі» кездейсоқ таңдап алынбаған болатын. БТА банктің басшылығы осы кестенің көмегімен екі компанияның арасындағы коммерциялық қарым-қатынасқа екпін түсіруді жоспарлаған. Алайда, іс жүзінде «Daniels Tradekorp  Inc» компаниясының құрылтайшылық құжаттарын №6 коопоративтік бизнес басқармасының қызметкерлері дайындағаны мәлім болды. Өйткені осы бөлім ғана бір күндік іс-әрекет үшін құрылған компанияларды ашып, Мұхтар Әбіләзовке тікелей бағынышты болған.

БТА банктің өкілі Талғат Амантайдың айтуынша, кепілге қойылған мүліктің болмауына қарамастан, қаржылық институттың басшылығы Мұхтар Әбіләзовтің екі компаниясын 40 миллион АҚШ долларына қаржыландыру мақсатында аккредитив (ақша сақтаушыларға сақтық кассасынан берілетін ақша құжаты - автор.) желісін ашады.

Сонымен қатар, «Daniels Tradekorp Inc» компаниясының директоры Suseth Walthia Parris-пен арадағы келісім-шарт жасалған кезде оның өзі қатыспаған. Тіпті осындай адамның өмірде бар-жоқтығына да күмән бар. Бір анығы, несие беретін бөлімнің мүшелері де аталған компанияның басшылығымен ешқашан кездеспеген. Ал мәмілеге қажетті құжаттарды Мұхтар Әбіләзовтің сыбайластарынан алып отырған.

Атап айтарлығы, сот отырысында сотқа түсінік берген куәгерлердің (№6 коопоративтік бизнес басқармасының қызметкерлері) барлығы бүгінгі таңда «Daniels Tradekorp Inc» компаниясының мерзімі өтіп кеткен үш міндеттемесі барын хабарлады. Мәселен, №6 коопоративтік бизнес басқармасының қызметкері Ирина Канафина: «Daniels Tradekorp Inc» компаниясының құрылтайшылық құжаттарының нотариалдық расталған көшірмелерін №6 коопоративтік бизнес басқармасының жетекшісі Светлана Начинкина мен құжаттық-инвестициялық бөлімнің қызметкері Юля Салюлевадан немесе құжаттама бөлімінің басқа қызметкерлеріне алынды. Құрылтайшылық құжаттардың көшірмесін аккредитив іске асырылғанша алып үлгердік»,-деп түсінік берген.  Оның сотқа дейінгі тергеуде берген жауабын мемлекеттік айыптаушылар жария етті.

Түптеп келгенде, Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластары тауықтың сан етін сатып алу деген желеумен БТА банктен 40 миллион АҚШ долларын жымқырғаны белгілі болды.   

Айта кетелік, қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталды. Қылмыстық істің жалпы көлемі 2 224 томнан тұрады. Айыптаушылар тізімінде 200-ден астам куәгерлер бар.