Мұхтар Әбіләзов БТА банктен ұрлаған ақшасын Сейшель аралдарына шығарған
Жәбірленуші тарап - БТА банктің өкілі Темірлан Нығметов сот отырысында мәлім еткеніндей, 2007 жылдың ақпан айында Сейшель аралдарында тіркелген «Beltor Limited» компаниясы БТА банктен көп миллиондаған несие алуға өтініш береді. Несиені алудағы негізгі мақсат - Алматы қаласы мен Алматы облысынан жылжымайтын мүлік сатып алу деп көрсетіледі. Атап айтарлығы, «Beltor Limited» компаниясының жарғылық қоры бар-жоғы 5000 АҚШ долларын құраған.
Сөйтсе де, несиелік өтінімнің толық жалғандығына: яғни, кепілге қойылған мүліктің болмауына, компанияның шыққан тегінің белгісіздігіне, оның төлем қабілетінің анықталмағанына қарамастан, несие беріледі. Бұл жерде БТА банк басшылығының несие комитетіне берілген тікелей тапсырмасы шешуші рөл ойнайды. Сайып келгенде, бір күндік іс-әрекет үшін құрылған компанияның өтініші жедел қанағаттандырылған. Қажетті сараптамалар жасалмаған. Бұдан байқалғанындай, Мұхтар Әбіләзов негізгі компанияға бағынышты оффшорлық аймақтағы еншілес компанияларға несие беру үрдісін тікелей өзі бақылауында ұстаған.
«Қаржы ұрлау үшін, «Beltor Limited» компаниясының директорының атынан БТА банктен 29 миллион АҚШ доллары көлемінде қарыз ақша алуға өтініш жасалады. 2007 жылдың 22 ақпанында осы өтініш бойынша несие комитеті заңсыз шешімді бірден мақұлдайды. Сол шешімге сәйкем, «Beltor Limited» компаниясына 29 миллион АҚШ доллары көлемінде несие беру мақұлданады. Бұл мәселе несие комитетінің отырысында қаралмаса да, аталған хаттамаға БТА банктің басшылары Жақсылық Жарымбетов пен Роман Солодченко қолдарын қойған»,- деді соттағы сөзінде БТА банктің өкілі Темірлан Нығметов.
Ақша ұрлау кестесі осылайша жалғаса береді. Арада екі ай уақыт өткенде «Beltor Limited» компаниясының директоры Дженифер Рененің атынан БТА банктен қарыз алуға екінші рет өтініш келіп түседі. Бұл жолы несиенің сомасы - 20 миллион АҚШ доллары деп көрсетілген. Көп ұзамай бұл өтініш те қанағаттандырылады. Түптеп келгенде, «Beltor Limited» компаниясына шамамен 50 миллион АҚШ доллары көлемінде несие берілген. Атап айтарлығы, бұл қарызды берерден бұрын кепілге ешқандай мүлік қойылмаған және қарыз қайтарылмаған. Мұхтар Әбіләзов «Beltor Limited» компаниясына берілген қаражатты әуелі Латвиядағы банктердің біріне аударып, кейінірек оффшорлық аймақтағы компаниясына жіберген.
Осындай ақша ұрлау кестесімен «Rimos Limited», «Wintera Holding», «Toros Limited», «Starwood Contract Limited», «Netgold Services Limited», «Higbond Associates Limited» және тағы басқа компанияларға миллиондаған несиелер берілген. Жоғарыда аталған компаниялардың барлығы Сейшель аралдарында тіркелген.
Айта кетелік, қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталды. Қылмыстық істің жалпы көлемі 2 224 томнан тұрады. Айыптаушылар тізімінде 200-ден астам куәгерлер бар.