Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарының ісі бойынша тараптардың сөз сайысы 23 мамырда өтеді (жалғасы)

Ұшақтардың құпиясы АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұхтар Әбілязов жалғанды жалпағынан басып өмір сүргенді қалаған. Әрине, бұл ешкімге құпия емес. Оның Америка мен Еуропадағы аса қымбат үйлерінің суреттерімен ешкімді таң қалдырмайтынымыз анық. Алайда сотта оның құны аса қымбат ұшақтарды сатып алғаны әшкереленді.

Алғашқы сот отырыстарының бірінде айыптаушы тарап Әблязовтің жекеменшік ұшақ сатып алуына қатысты бірнеше қылмыстық кестені жариялаған еді. Әрине, әуе кемелерін ол БТА банктің ақшасына сатып алғаны белгілі. Бұған қоса, ұшақтар оқиғасына жұрттың назарын аудара түскен жайттың бірі, Әбілязов өзі сатып алған ұшақтарын жалға беріпті.

Толығырақ айтсақ, 2005 жылы БТА банк қарыз ақша беру деген желеумен шетелде тіркелген «Сирия Альянс ЛТД» оффшорлық компаниясына бірнеше траншпен 10,6 млрд. теңге аударады. Бұл ақша арнайы құрылған DCM компаниясының көмегімен аударылады. DCM арқылы үш ұщақ сатып алынады, ал 2006 жылы «Сирия Альянс ЛТД» оларды Әбілязовтің басқа бір жалған компаниясы - «Экселлент Глайд»-тің иелігіне береді. Соңғы компания өз кезегінде ұшу рейстерін жүзеге асыруға БТА банкпен келісім жасайды. Яғни, сатып алынған ұшақтар «Сирия Альянс ЛТД»-ға берілген несиені қамтамасыз етудің рөлін атқарады.

2007 жылы БТА банк әуе компаниясына тасымалдау қызметі үшін 923 млн.теңгеге жуық ақша аударады, ал 2008 жылы - 1,1 млрд. теңге аударады. 2009 жылдың басында БТА банк «Сирия Альянс ЛТД»-ға берілген қарызды қамтамасыз ету мақсатында ұшақтардың орнына соя бұршағын қабылдап алады.

Грузия мен Мәскеудегі былық-шылықтар

Аталған қылмыстық істегі ең ірі бөлімдердің бірі - Әблязовтің Грузия мен Ресей Федерациясындағы қаржы құйтырқұлықтары. Екі оқиғада да жер телімдерін сатып алу және жылжымайтын мүлік құрылысын жүргізу деген желеумен көп миллиардтаған несие беріледі. Алайда, қыруар қаражат бөлінсе де, ешқандай нысандар салынбаған және қарыз ақша банкке қайтарылмаған.

Таң қалдырарлығы сол, Әбілязов пен оның сыбайластары бір ғана қылмыстық кесте арқылы БТА банктен 12 млрд-қа жуық теңгені жымқырғаны мәлім болды. Бұл бір ғана оқиға. Бұл жерде Сейшель аралдарында тіркелген «Римос Лимитед» компаниясы туралы әңгіме болып отыр. М. Әбілязов Мәскеудегі Домодедово ауданынан жер сатып алынады деген желеумен аталған компанияға заңсыз жолмен несие береді. Тізбектей беретін болсақ, мұндай мысалдар өте көп. Олардың әрқайсысы бойынша ондаған миллиард теңгелер шетелдік шоттарға аударылып отырған.

Атап айтарлығы, осылайша БТА банк Сейшель аралдарында тіркелген алты оффшорлық компанияға қарыз ақша берген: олар «Starwood Contract Limited», «Winterra Holding», «Netgold Servises LTD», «Rimos LTD», «Toros LTD», «Higbond Associates LTD» компаниялары. 2009 жылы аталған компаниялар өзінің қауқарсыздығы туралы хабарлама таратып, алған несиелерін Люксембургте тіркелген басқа компанияларға аударады. Алайда ол компаниялар да өздерінің міндеттемелерін орындамайды.

Сонымен қатар, М. Әбілязов Грузияда тек жер телімдеріне ғана емес, телекоммуникациялық компаниялардың үлесіне де қызығушылық танытады. Сөйтіп, оларды сатып алуға БТА банктен бірнеше миллиардтаған ақша бөлінеді. Бұл қарыз да, басқа қарыздар сияқты банкке қайтарылмайды. Жалпы алғанда, бұл қылмыстық кестенің көмегімен банктен 20 млн. АҚШ долларынан астам ақша ұрланады.