«Бүгін біз республикалық Ардагерлер ұйымының кеңейтілген отырысын өткіздік. Бірауыздан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеуіне қолдау білдірдік. Жалпы, бұның дұрыс шешім екеніне қатысты ойымыз бір жерден шықты. Себебі, Тұңғыш Президент - Елбасы қойған ауқымды міндеттер мен бағдарламалар біршама жұмыстарды атқару керектігін білдіреді. Сол себепті, уақыт созудың қажеті жоқ. Жаңа келген Президент өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздік пен тұрақтылыққақ қатысты жалпы мемлекеттің алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауы керек», - дейді Мұхтар Алтынбаев Ардагерлер ұйымының кеңейтілген отырысынан кейін тілшілерге.
Армия генералы өз сөзінде еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін армияның құрылымы нөлден басталғанын еске алды.
«Кадрға қатысты проблемлар болды. Шекараны шегендеуде қауіпсіздік мәселесі алғы шепте тұр еді. Қарулы Күштер алғаш құрылған кезде әлбетте, ескіріп қалған қарулар біздің елімізде болды. Қаруларды сақтап қалу керек еді. Ал ядролық қарулардың ешкімге опа бермейтіні белгілі. Сондықтан, Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарулардан бас тарту туралы шешім қабылдағанын білесіздер. Сол кезеңде бұл өте оңай шешім емес еді. Қарулы күштер қазір аяғына нық тұрды, кәсіби даярлығы да жоғары. Бітімгерлікпен шетте жүрген бөлімшелеріміз бар. Бір сөзбен, армия бүгінгі таңда әбден тұрақталды», - дейді Мұхтар Алтынбаев.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.