Алматының басты мәдени нысандарының бірінде ауқымды реконструкция жүргізіліп жатыр. Ғимаратты жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңында басталды. Нысан салынған 1981 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
40 жылдан астам уақыт ішінде ғимараттың инженерлік желілері мен материалдық-техникалық базасы әбден тозған. Әсіресе, өрт қауіпсіздігі жағынан үлкен қатер болды. Сондықтан ғимараттың тарихи сәулеттік бейнесін сақтай отырып, толықтай жаңарту туралы шешім қабылданған.
Мамыр айының басында агенттіктің фототілшісі театрға арнайы барып, оның қазіргі кейпін камера объективіне түсіріп алды. Бүгінде нысан аумағы биік қоршаумен қоршалған. Оның сыртында театрдың суреті мен «100 жыл» деген жазуы бар баннерлер ілінген. Еске салайық, биыл театр өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтеді.
Алайда ғимарааттың қасбетіне байланысты қала тұрғындарының арасында түсінбеушілік пен түрлі сұрақтар туындап жүр. Себебі нысан сыртынан қарағанда жұмысшылар көрінбейді, қасбет қаптамасвның едәуір бөлігі алынып тасталған, ал ғимараттың өзі қараусыз қалғандай әсер қалдырады.
Мердігер мен бөлінген қаржы белгілі ме
Театрдың болашағына қатысты мән-жайды білу үшін редакция ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдады. Оған Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов жауап берді.
Оның айтуынша, жобаның мердігері — еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі. Мердігерді таңдау және реконструкцияның барлық кезеңдерін жүзеге асыру қолданыстағы заңнамаға сай жүргізіліп жатыр.
Театрды күрделі жөндеуге бюджеттен қанша қаражат бөлінгені ресми жарияланған жоқ. Бұған дейін қоғам белсенділері миллион мен миллиардтар арасында түрлі болжам айтқан болатын. Мәдениет комитеті ғимаратты жаңартуға жұмсалатын қаржы туралы ақпаратты және қызмет берушіні анықтау туралы мәліметті берілмейтінін түсіндірді. Бұл «Құқықтық актілер туралы» Заңның 26-бабы 8-тармағына сәйкес, баспасөзде жарияланбаған Үкіметтің 2024 жылғы 21 мамырдағы, 27 қыркүйектегі және 2026 жылғы 20 наурыздағы қаулыларына байланысты.
Құрылыс тоқтап тұр ма
Комитет төрағасы театрда сырт көзге ешкім жоқ болып көрінгенімен, құрылыс-монтаждау жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, алаңда инженерлер, құрылысшылар жұмыс істеп жүр. Жұмысшылар саны атқарылатын жұмыстың көлеміне қарай өзгеріп отырады. 2026 жылдың басында Мәдениет және ақпарат министрлігі М.Әуезов атындағы театрда жаңғырту жұмыстары тоқтады деген ақпаратты жоққа шығарды.
Қазіргі таңда нысанда тірек конструкциялары нығайтылған және шатырын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ инженерлік және мультимедиялық жабдықтардың бір бөлігі сатып алынған.
— Театр сияқты маңызды нысанды қайта жаңғырту ерекше тәсіл мен егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Бұл сәулет ескерткіші әрі мәдени мұра нысаны болғандықтан, тарихи құндылығына нұқсан келтірмеу үшін асығыстыққа жол берілмейді. Сондықтан жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр, ал нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған, — деді ведомство өкілі.
Жалпы жоба ішкі және сыртқы жұмыстарды қамтиды. Атап айтқанда, ғимараттың тарихи бейнесін сақтай отырып, қасбетін толық жаңарту көзделген. Қаптау үшін 1980-жылдары қолданылған карьердің тастары пайдаланылады. Сонымен қатар инженерлік коммуникациялар алмастырылып, іргелес аумақ абаттандырылады және сахналық жабдықтар әлемдік стандарттарға сай жаңартылады.
Еске салайық, 2020 жылы Әуезов театрына «Ұлттық» мәртебесі берілді.