Мұхтар Әуезов жазып алған қырғыздың "Манас" жырының қолжазбасы жеке кітап болып шықты

АТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мұхтар Әуезов атақты манасшы Сағымбай Оразбақовтың орындауында жазып алған қырғыздың "Манас" жырының қолжазбасы жеке кітап болып шықты.

"Қазақ пен қырғыздың жаңа жағдайында, орталықазиялық ынтымақтастығымыз қажет кезінде бұл кітаптың шыққанын ҚР Тұңғыш Президенті қорының тарапынан жасалған үлкен азаматтық саналы іс болды деп білемін", - деді мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов бүгін Алматыда қолжазбаның тұсаукесер рәсімінде.

"Манас" дүниежүзі мойындаған ең ірі және бірден-бір тірі эпос. Миллион жолы бар бұл шығарманы Мұхтар Әуезов 1952 жылы "бұл халықтың эпосы" деп қорғап қалған. Мұхтар Әуезовтың машинкамен басылған қолжазбасын ҚР Тұңғыш Президенті қорына Марклен Бұзұрбаев тарту еткен. Ол оны өзінің әкесі, атақты қазақ журналисі Ғарифолла Бұзұрбаевтың мұрағатынан тауып алған", - дейді Мұрат Әуезов.

Мәдениеттанушы ғалымның айтуынша, қолжазба бұған дейін Мұхтар Әуезовтың 50 томдық шығармалары жинағының 10-томына енгізілген болатын. Ал жеке кітап ретінде алғаш рет жарық көріп отыр.