Мұхтар Әуезовтің Қырғызстандағы саяжайы күтімсіз тұр

АЛМАТЫ. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әйгілі қазақ жазушысының Қырғызстандағы саяжайы күтімсіз тұр. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Қырғыз Жогоргу Кенешінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық комиссиясының 1-ші отырысында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мұхтар Әуезовтің Шолпанатадағы саяжайы 1957 жылы салынған. Қазір кітапхана, мұражай ретінде жұмыс жасайтын мәдени ошақ бүгінде күтімсіз қалған. Бұған бүгінгі алқалы жиынға қатысып отырған депутаттар көңіл бөлсе екен», деді Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бақыт Оспанов. Елшінің айтуынша, Мұхтар Омарханұлының қырғыз әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегі өте зор. Ол Манас эпосын «феодалдық дәуірдің сарқыншағы» деген жағымсыз айыптаулардан қорғап қалды. М. Әуезов Шыңғыс Айтматовтың да ұстазы саналады. «Мұхтар Әуезов менің шығармашылық қызметіме көп көмектесті», деп Шыңғыс Айтматовтың өзі де айтып кеткен. Сондықтан бұл мәселеге немқұрайдылық танытпауымыз керек, деді Елші.