Үлкен олжаны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары тапты. Жуырда Санкт-Петербургке барған арнайы сапардан олар Әуезовке қатысты 72 бет материал әкелді. Сондай-ақ, оның жарына қатысты 24 бет құжат, Жамбылдың бұрын-соңды беймәлім болып келген 3 кітабы мен «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырының өзбек тіліндегі көшірмесін де ала келді.
Отандық ғалымдардың Әуезовтің жастық шағы өткен қазіргі Санкт-Петербургке баруы тегіннен тегін емес. Өйткені 1997 жылы ұлы жазушының 100 жылдығына орай өмірі мен шығармашылығына қатысты 50 томдығы шығады. Онда жас Мұхтардың студенттік өмір тарихы жұтаң беріледі. Тек қолжазба түріндегі Ленинград университетіне қатысты 4 мақаласы ғана кіреді. Сондықтан да, бұл сапар мақсаты - осы олқылықтың орнын толтыру еді, дейді зерттеушілер.
Ұлттық құндылықтарды құнттап, мәдени мұрамызды толықтыру мақсатындағы зерттеу барысында Санкт-Петербургтің Ұлттық мемлекеттік кітапханасынан Жамбылдың бізге беймәлім 3 кітабы табылды. Бұл жинақтарда жыр алыбының Ленин, Сталинді мадақтаған жырлары мен «Ленинградтық өрендерім» атты әйгілі өлеңі басылған, деп хабарлайды «Қазақстан» телеарнасы.