Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысында мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуымен танысты
Сапар Жетісуда жетекші орын алатын - «Хильниченко және К» командиттік серіктестігінің жұмысымен танысудан басталды. Бұл серіктестік 500 фермердің басын біріктіреді. Шаруашылықтың 39 мың гектар жері, 123 ауыл техникасы бірлігі және 2300 мал басы бар.
Ауыл шаруашылығы - Алматы облысының негізгі табыс көзі. Сонымен бірге бүгінгі күні өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеуге баса назар аударылуда. Миллиардтаған теңге салынған Көксу қант зауытын жаңғыртудың алып қарқыны - осының жарқын мысалы. Тартылған инвестициялардың арқасында кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып - жылына 25 мың тонна қант шығаруға дейін жеткізе алады. Әңгіме қант өндірісін толыққанды жаңартуда болып отыр. Бұл Мемлекет басшысының өңір экономикасын дамытуға байланысты қойған басты талаптарының бірі.
Алматы облысы Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Аталған инфрақұрылымдық жоба шеңберінде 2016 жылы Жетісуға 36 миллиард теңге бөлінді. Қаржының негізгі бөлігі көлік дәліздерін дамытуға бағытталды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алматы - Өскемен» автомагистралін жаңғыртудың барысымен танысты. Алматы облысынан өтетін жол аумағының ұзындығы 141 шақырымды құрайды. Табиғаттың қолайсыз жағдайынан биылғы жылы жұмыс барысы созылып кетті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұрлы Жол» бағдарламасының Президенттің ерекше бақылауында екенін құрылысшылардың есіне салып, орындалу мерзімін кешіктіруге болмайтынын айтты. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалына мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл әңгіменің партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Талдықорған» индустриялдық аймағында болғанда қарқыны мен сапасын бағалап үлгірген индустриялдық-инновациялық дамуға да қатысы бар. Оның аумағы 590 гектардан асады. Кәсіпорын иелері үшін ерекше жағдай жасалған арнайы инфрақұрылымның алаңына төрт миллиардтан астам теңге салынды. 11 кәсіпорын жұмыс істеуде. Таяу уақыттары тағы алтауы іске қосылады - қазір олардың құрылысы жүріп жатыр.
Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысының Президент тапсырмасын орындап, аграрлық қана емес, сондай-ақ еліміздің өндіріс орталығына айнала алатынына сенім білдірді.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары экономикалық өсумен бірге Жетісудің сыртқы келбетінің де жақсарып келе жатқанына тоқталды. Іссапар барысында ол жергілікті тұрғындар демалатын көрікті орынға айналады делініп отырған Талдықорғанның жаңа жағалауында болды.
Алматы өңіріне жасаған сапарын қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед облыстағы партия белсенділерімен кездесті. Әңгіме жетістіктер туралы ғана болған жоқ, жұмыстағы кемшіліктер жайында да айтылды. Жұмыссыздарға жұмыс тауып беру, шағын несие беру, мектепке дейінгі білім беру және үш аусымдық мектеп сияқты өзекті мәселелерге айрықша назар аударылды..
Партия төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясының әр белсендісінің қызметіндегі басымдылық адамдармен жұмыс істеу болуы керек екенін атап өтті.