Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отанның» соңғы бір жарым жылдағы жұмысын қорытындылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалдарымен және департамент басшыларымен кеңейтілген отырыс өткізді.

Ол 2016 жылғы және 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыстардың қорытындысына, сондай-ақ келешектегі қысқа және ұзақ мерзімге арналған қызметтердің басым бағыттарына арналды.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары барлық жұмыстардың негізгі көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанына тоқталды. Атап айтсақ, орталықта да, жергілікті жерлерде де «Нұр Отан» партиясының барлық бөлімшелерінің қызметі жандана түскен. Бұл ретте әсіресе Конституциялық реформа, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы, Агроөндіріс кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы сияқты күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөлініп келеді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед ресурстарды айқын бөлу мен менеджменттің тиімді үлгісі бар, сондай-ақ барлық деңгейдегі істің нәтижелігін қатаң бақылауды қамтамасыз ететін партия қызметінің қысқа және ұзақ мерзімге арналған жоспарлауының жаңа жүйесін енгізудің арқасында жұмыс сапасының артып, қамтылу ауқымының кеңейе түскенін атап өтті.

Сондай-ақ ол жетекші БАҚ-тарда жарық көрген және саяси, экономикалық қайта құрулармен қатар рухани жаңғырудың жалғасы болып табылатын Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа бағдарламалық мақаласына қатысты жалпыхалықтық талқылауларға белсенді қатысып, оны тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Елбасының жаңа тарихи бастамаларын түсіндіру жөніндегі жұмыстың ерекше маңыздылығына тоқталып, партияның бұл істің басы-қасында болатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, жиын барысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы ахуал туралы да айтылды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұр Отанның» өңірдегі филиалдарына зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетуді тапсырды.

«Біз қашанда бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, кімге де болмасын қамқорлық қолын созуға дайын халықпыз. Бұл жолы да сіздерді қиындыққа тап болған отандастарымыздың жағдайына бей-жай қарамайды деп сенемін. «Нұр Отан» партиясы бұл қайырымды, сауабы мол істе көпке үлгі болуы тиіс. Су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созу - біздің азаматтық абзал борышымыз. Сондықтан жергілікті жерлерде осы бағыттағы жұмысты жедел әрі жүйелі ұйымдастыруымыз керек», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.