Мұхтар Тайжан 15 тәулікке қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен азамат М. Тайжан әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жауапқа тартылды», - делінген ресми хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Мұхтар Тайжан жер реформасы мәселелерін қозғап жүрген қоғам белсендісі. Ол елімізде жер кадастры ашық болуы керектігін ұсынған еді.

Сондай-ақ, жерді жалдауды 49 жылға дейін ғана ұзартып, әрі қарай конкурс арқылы болуы керектігін алға тартты.