Мұхтар Тайжан: Латын әліпбиі Қазақстанға керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Б.Тайжан атындағы қордың басшысы Мұхтар Тайжан Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін әзірлеу туралы тапсырмасына пікір білдіре келе, латыншаға көшу үрдісін дұрыс әрі қажетті қадам екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Латын әліпбиі Қазақстанға керек. Бұл өте дұрыс қадам, себебі бүгінде барша әлем латын қарпін пайдаланып жүр. Кез келген гаджет, интернет, компьютер, сондай-ақ ақпараттың басым бөлігі латын әліпбиінде. Біздің бауырлас елдер, яғни түріктер, өзбектер, түркімендер латынға көшкені белгілі. Мен бұл ұсынысты қолдаймын»,-деп тоқталды М. Тайжан Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

Осы орайда ол бұл бағыттағы бастаманың жүзеге асуына ерекше мән беру керектігін атап өтті.

Мұхтар Тайжан Үкімет тарапы латын әліпбиіне көшу шараларын тиісті деңгейде іске асыруға қауқарлы болатындығына сенім білдірді.

«Өзбекстанда бірнеше жыл бойы екі әліпбиде жазуға мүмкін болды. Сондықтан да өтпелі кезең болатыны белгілі. Жалпы латынға көшу үрдісін дұрыс деп санаймын», - деп түйіндеді сөзін қоғам қайраткері.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласында латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін әзірлеуді тапсырған болатын.

Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін де жеткізді. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кіріскен дұрыс деп санайды.