Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты қосымша қылмыстық істер қозғалды - Бас прокуратура

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты жүргізіліп отырған қосымша істерді іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Олар бойынша қазір тағы 3 қылмыстық іс қозғалып отыр. Олардың арасында заңсыз алынған кірістерді заңдастыруға қатысты материалдар бар. Яғни іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, қазір қозғалған істердің қашан сотқа жолданатындығы дөп басып айту қиын. Қазіргі таңда Бас прокуратура органдарында аталмыш істердің қашан аяқталатындығы жөнінде ақпарат жоқ. «М.Жәкішевтің ісіне қатысты сауалдар қазір өте көп. Сондықтан біз осы сауалдардың барлығын мұқият зерттеп, олар бойынша арнайы баспасөз мәслихатын өткіземіз деген ойдамын», деді ресми өкіл.