Мұқан Төлебаев шығармаларының жинағы жарық көрді

None
АЛМАТЫ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы Орталық Мемлекеттік мұрағатында көрнекті қазақ сазгері Мұқан Төлебаевтың мұрағаттық жазбалары негізінде жазылған CD-жинағының таныстырылымы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған жинақ «Кока-кола» компаниясы мен «UMS» агенттігі» қоғамдық қорының «Асыл мұра» гуманитарлық жобасы аясында шығарылған. Жинаққа сазгердің ең көрнекті туындылары жазылған. Шара барысында жиналғандар Мұқан Төлебаевтың өмірі туралы деректі фильмді де тамашалады. «Асыл мұра» гуманитарлық жобасын жүзеге асырушылардың айтуынша, бұл жобаның 1-ші кезеңі аясында шығарылған 15-ші соңғы жинақ. «Бүгін ерекше тұсау кесердің куәсіміз. Жобаның 1-ші кезеңі Күләш Байсейітованың шығармашылығы жөніндегі жинақпен басталып, Мұқан Төлебаевтың жинағымен аяқталуының өзінде үлкен мән бар», деді шараға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед. Шараға онымен қатар ТҮРКСОЙ президенті Дүйсен Қасейінов «Қазэнерджи» қоғамдық қорының төрағасы, «Асыл мұра»жобасының негізін салушы және продюсері Есетжан Қосыбаев, Қазақ КСР-і мәдениет министрі болған Жексенбек Еркінбеков, халық әртістері Р.Байсейітова, Б.Жаманбаев, Қ.Ахмедияров т.б көрнекті өнер қайраткерлері қатысты. «Бүгінгі күн қазақ мәдениеті үшін ерекше күн. Қазақ опера өнерін әлемдік деңгейге көтерген Мұқан ағамыздың шығармалары өзіндік қазақы өрнегі жоғары, тамаша туындылар. Сондықтан көнерген магнитті таспаларда сақталған жазбалардың жаңа түрде өңделіп жарық көргені, Мұқан Төлебаев есімі жас ұрпаққа жаңаша жеткені үшін жобаны ұйымдастырушыларға үлкен алғыс», деді Қазақ КСР-і мәдениет министрі қызметін атқарған Жексенбек Еркінбеков.