«Мұқыр-Құлсары» жолын жөндеуге цифрлық теңге пайдаланылады

Фото: Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы «Мұқыр-Құлсары» жолын жөндеу қаржысы — 2,1 млрд теңге. Мамыр айында басталатын жобаға бөлінген қаржының 100 млн теңгесі таңбаланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің мәліметінше, аталған жолды орташа жөндеу құрылысында цифрлық теңгені пайдалану жөніндегі пилоттық жоба іске қосылған. Бұл жолды жөндеуге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырыс берген. Ал мердігер — «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС.

— Жобаның бағасы 2 млрд теңгеден асады. Қаржының 100 млн теңгесі цифрлық белгімен таңбаланды. Бұл сома ұлттық валютаға айырбасталды. Шартқа сәйкес құрылыс материалдарын жеткізетін «Нақзат» ЖШС-ға аударылды, — деп мәлім етті Нұрлан Жахин.

Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті

Ал құрылыс материалдарын теміржолмен Мұқыр станциясына жеткізу көзделген. Осы айда стансаға 45 вагонға тиелген материалдар жеткізіледі.

Қазір бұл стансада 30 вагонға арналған теміржол тұйығы, жұмыс күші, арнайы техника бар. Материалдарды түсіруге арналған аумақ жарықтандырылып, қоршалған. Нысан құрылыс техникаларымен қамтамасыз етілген.

— Шарт 2024 жылдың қарашасында жасалды. Оның аяқталу мерзімі 2025 жылдың соңына жоспарланған. Жол құрылысы мамыр айында басталады. «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес бұл жоба өңірлік департаменттің бақылауына алынды. Өйткені цифрлық теңге платформасы бюджет шығысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Пилоттық жоба аясында бөлінген қаржы таңбаланады. Бұл материалдарды жеткізушілер мен жұмысты орындайтын мердігерлерге дейінгі барлық кезеңде бюджет қаржысын мақсатты пайдалануға кепілдік береді. Ең бастысы сыбайлас жемқорлық қаупінің алдын алады, — дейді Нұрлан Жахин.

Фото: Kazinform

Оның пікірінше, таңбаланған цифрлық теңге тек көзделген міндеттемелерді орындауға жұмсалады. Мұндай қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға, өзге қажеттіліктерге қайта бағыттауға жол берілмейді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы Мұқыр ауылында мәдениет үйінің құрылысын жүргізетін мердігер үшінші рет ауысқанын хабарлаған болатынбыз.