Жалпы, мүлікті заңдастыру әлемнің көптеген елдерінде жүргізілгендігі мәлім. Мәселен, Үндістанда 5, Португалияда 4, Франция, Австрия, Ирландияда 2 мәрте заңдастыру өтіпті. Есте болса, елімізде де бұған дейін екі рет заңдастыру жүргізілген. Атап айтқанда, 2001 жылы ақша қаражаттары заңдастырылып, заңды айналымға 480 млн. АҚШ доллары түскен-ді. 2006-2007 жылдары аралығында қаржымен қатар жылжитын әрі жылжымайтын мүліктерді заңдастырудың нәтижесінде ел экономикасына 7 млрд. АҚШ доллары құйылған-ды. Ал бұл жолғы заңдастыру не береді деген мәселеге келсек, Экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының бағалауынша, құны 12 млрд. АҚШ доллары шамасындағы мүлік заңдастырылмақ.
Айта кетерлігі, қаражатты заңдастыру акциясының ақшасын заңдастыратын азамат үшін де, еліміздің экономикасы үшін де тиімділігі зор екендігі сөзсіз. Мәселен, ақшаны заңдастыру табыс болып саналмайтындықтан одан салық алынбайды. Міне, осылайша, қаражатын заңдастыру құқығын пайдаланған азаматтар заңдастыратын ақшасының 10 пайызын үнемдеп қалуға мүмкіндік алады.
Жоспарланып отырған заңдастырудың азаматтарға тиімді бірқатар балама жолдары да бар екендігі белгілі. Нақты айтқанда, ең біріншіден, қаржысын заңдастыратын кез келген азамат ақшасын 3 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің есепшоттарында ұстай отырып, нарықтық ставка бойынша сыйақы ала алады. Екіншіден, қаржыңызды мерзімінен бұрын пайдаланғыңыз келсе, онда оны мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейлі банктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының облигацияларын және «Халықтық ІРО» бағдарламасының аясында акцияларды, сонымен бірге Қазақстан қор биржасында орналастырылатын өзге де бағалы қағаздарды сатып алу жолымен экономикаға, инвестиция жасауыңыз қажет. Үшіншіден, азаматтар жекешлендірудің екінші толқыны аясында нысандар сатып ала алады. Ал егер оны мерзімінен бұрын алғыңыз келсе, онда екінші деңгейлі банктер аталған ақшаны төлеу барысында одан 10 пайыз көлемінде алым ұстап қалады. Ескерерлігі, жоғарыда аталған кез келген бағыт отандық экономиканы дамытуға әрі ақшасын заңдастыратын азаматтардың пайда табуына бағытталған. Мұндай шаралар бұған дейін өткізілген заңдастыруларда көзделмеген болатын.
Жалпы, қазіргі таңда мүлікті заңдастырудың жаңа акциясын өткізу мәселесінің күн өткен сайын өзектілігі артып келе жатқандығы айқын байқалады әрі оның бірқатар алғышарттары да білініп отыр. Алғашқы алғышартқа Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналым үлесінің артып отырғандығын жатқызуға болады. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Дүниежүзілік банктің бағалауына сәйкес еліміздегі көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің 19,2 пайызын немесе 5,8 трлн. теңгені құраған екен. Екіншіден, шетел инвестицияларының қысқаруы мен ағымдық операциялар есепшоттарындағы айырманың төмендеуі ерекше назар аудартады. Мәселен, 2013 жылдың 9 айында Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының таза құйылуы 8,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал бұл көрсеткіш 2012 жылы 13,2 млрд., 2011 жылы 13,9 млрд., 2010 жылы 11,5 млрд. АҚШ долларына тең еді. Сонымен бірге 2013 жылдың 9 айында бұған дейін еліміздің экономикасына құйылған шетел инвестициясы бойынша инвестициялық табыстың кері қайтуы 17,7 млрд. долларға жетті. Дәл осы көрсеткіштер 2012 жылы 26,4 млрд., 2011 жылы 26,1 млрд., 2010 жылы 18,1 млрд. құраған еді. Ағымдағы операциялар есепшотындағы айырма 2013 жылы 117,5 млрд. долларды құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 91,5 пайызға төмендеді. Үшіншіден, банк секторы тарабынан экономиканы несиелеудің төмендеуі байқалды. Осыған орай, ел экономикасын дамыту үшін қосымша ресурстар тарту қажеттігі туындап отыр.
Жоғарыда атап өткен Елбасы қол қойған Заң ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енетін болады. Осылайша, мүлікті заңдастыру 1 қыркүйектен басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Бұл ретте ақшадан басқа мүліктерді заңдастыру үшін құжаттар беру мерзімі де 1 қыркүйекте басталғанымен келер жылдың 30 қарашасында аяқталатынын ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, заңдастыру қолда бар мүлікті заңды айналымға шығаруға мүмкіндік береді. Өйткені, 2017 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тапсыру енгізілетінін ескерсек, алдағы мүмкіндікті пайдаланып, мүлкіңді задастырып алу сол уақытта өз дүниеңді алаңдамай көрсетуге мүмкіндік туындатады. Екіншіден, шетелдегі мүлікті заңдастыру барысында заңдастырылатын мүлік құнының 10 пайызы көлемінде алым алынады. Ал бұл қаржы мемлекет бюджетіне түсетін болады. Сондықтан да жоғарыда атап өтілген тиімдіктерді ескерер болсақ, бұл жолғы заңдастыру барысында ел экономикасына қосымша мол ресурс құйылатындығы сөзсіз.