Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, прокуратуралық тексерулер барысында сот орындаушыларының борышкер мүлкін бағалау және өткізу, сондай-ақ мүлікті тәркілеу шараларын қабылдамау фактілері анықталған. Бұдан бөлек, мемлекет меншігіне өтетін мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану қағидаларын бұзу фактілері тіркелген. Мысалы, «Астана қаласы Сот актілерін орындау департаменті» мемлекеттік мекемесінің мүлікті тәркілеу бөлімінде 3 жыл бойы мемлекет кірісіне өткізілмеген 30-дан астам зергерлік бұйымдар мен ақшалай қаражат табылды.
Сонымен бірге атқару құжаттарын жоғалту, кінәлі адам сеніп тапсырған тәркіленген мүлікті ысырап ету, азаматтардың өтініштерін қарау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 21 желтоқсандағы №321 Жарлығымен бекітілген ҚР мемлекеттік қызметшілеріне әкімшілік жаза қолдану қағидасы тәртібін бұзу сияқты өрескел заң бұзушылық фактілері де анықталды.
Осыған орай, Департаментке прокурорлық тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта да жол бермеу үшін пәрменді шаралар қабылдау, сот актілерінің дер кезінде орындалуына бағытталған заңда көзделген барлық іс-шараларды толығымен іске асыру тапсырылды.
Қала прокуратурасы барлық заң бұзушылықтар бойынша ҚР Әділет министрлігіне аталған заң бұзушылықтарға жол берген адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесін қоя отырып, заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді.