18:11, 21 Қараша 2013
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ХҚКО қызметкерлері өздері барып қызмет көрсету түрі барлық облыс орталықтарында іске қосылды
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - ХҚКО-ға өздері келе алмайтын 1 және 2 мүгедектік санатындағы азаматтар мемлекеттік қызметтерді үй жағдайындағы мобильді ХҚКО жаңа қызметі арқылы алады. Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.
ХҚКО мобильді тобын шақыру үшін азамат Біртұтас байланыс орталығына 1414 нөмірі арқылы телефон шалады, өзінің деректерін айтады, қызмет алу үшін қажет құжаттар тізімін біледі және сұраныс қалдырады. Содан кейін сұраныс берушіге ыңғайлы уақыт белгіленіп, ХҚКО қызметкері қызмет көрсету үшін жолға шығады. Азамат қалауы бойынша ХҚКО қызметкері электрондық сандық қолтаңбаны береді және электрондық үкімет арқылы өздігінен мемлекеттік қызметтерді алуға үйретеді. «Біз барлық азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуға бірдей мүмкіндік беруіміз қажет. Сұранысты тіркеген кезде және тәртіп бойынша мемлекеттік қызметті алған кезде азаматтың өзі болуы тиіс екенін және кейбір адамдар денсаулық жағдайы бойынша ХҚКО-на келе алмайтынын ескеріп, біз осы қызметті іске қостық. Мүгедектер қауымдастығының аймақтағы бөлімшелеріне осы қызметті іске асыруда бізге көмек көрсеткендері үшін алғысымды білдіремін»,-деді Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Бағдат Мусин. Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді үй жағдайында көрсету жөніндегі жоба пилоттық режимде 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы және Астана қалаларында басталды. Мобильді топтар 1000-нан астам мүмкіндіктері шектеулі азаматқа қызмет көрсетті. Көрсетілетін қызметтер арасында төлқұжаттарды, жеке куәліктерді, мекенжай анықтамаларын және т.б. беру қызметтері бар.