Ал 2010 жылдан бастап, «Алтын алқа» 7 және одан да көп бала туған аналарға беріледі. Сондай-ақ «Күміс алқа» 6 бала туған аналарға беріледі. Бұл туралы бүгін Астанада «Әйелдердің қоғамдағы саяси мүмкіндіктері - гендерлік демократияның ұстанымдары, проблемалар мен перспектива» атты тақырыпта өткен конференция барысында Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, «Алтын алқа» бұрындары 10 баласы бар анаға берілсе, «Күміс алқаны» алу үшін кемінде 8 балаң болуы қажет болатын. «Сондай-ақ аталмыш алқалар мен «Батыр ана» атақтарының, 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлеріне келесі жылдан бастап арнайы мемлекеттік жәрдемақының көлемі 6 айлық ең төменгі есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 9 мың теңге берілетін болады», деді А.Самақова.