Мүмкіндігі шектеулі елордалық шәкірттер арнайы Олимпиадалық ойындарға қатысады

None
АСТАНА. 29. қаңтар. ҚазАқпарат - Астана қаласының «Балалар психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінің» тәрбиеленушілері Надежда Скуртул мен Арман Құлшаринов Оңтүстік Кореяда өтетін Дүниежүзілік қысқы арнайы Олимпиадалық ойындарда Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Бұл мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер үшін жарыстың ең үлкен бағдарламасы болып отыр, - деп хабарлайды astana.kz сайты қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын сілтеме жасап.

«Жарыс 25 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пьенгчанг қаласында өтеді. Еліміздің намысын 7 команда қорғайды. Қазақстанның құрама командасы спорттың 6 түрі бойынша қатысады. Елордалық спортшылар өз өнерлерін мәнерлеп сырғанаудан көрсететін болады, - делінген хабарламада.

Жасөспірім мәнерлеп сырғанаушыларды «Алау» мұз айдынында бапкерлер К.К Иманәлинова мен М.К.Қалдыбаев жаттықтыруда.

Медициналық әлеуметтік мекеме директорының орынбасары Құралай Қожамқұлованың айтуынша, екі баланың да «ақыл-есі кем дамуының жеңіл түрі» диагнозы бар.

Арнайы Олимпиадалық Ойындары әлемдік іс-шарасы ұлттық, нәсілдік, саяси, діни және басқа да айырмашылықтарды жою үшін бірлікті насихаттауды мақсат тұтады. Оған 105 мемлекеттен ақыл-есі мүмкіндігі шектеулі 3 300 спортшы қатысады.