Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін нысандардың қолжетімділігі картасы жасалады - БҚО

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандардың толғақты мәселелерін шешу күн тәртібінде тұр. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалында өткен жиында айтылды.

Облыс әкімі, филиал төрағасы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен отырыста аталған бағыт бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстар пысықталып, алдағы жұмыс жоспарлары айқындалды.

Қазіргі таңда өңір тұрғындарының 25 мыңнан астамы немесе 3,8 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар болып отыр.

Қаңтар айының аяғынан бастап партияның мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Кедергісіз болашақ» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Жобаның бірінші бағыты бойынша мүгедек жандарды тұрақты жұмысқа орналастыру қаралған. Екіншіден, олар үшін кедергісіз жағдайлар жасалатын болады. Себебі қазір көптеген әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары мүгедектер үшін қолайсыздық тудырады. Сол үшін нысандардың қолжетімділігі картасын жасау жоспарлануда. Инклюзивтік білім беру де жолға қойылмақ. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қорғайтын құқықтық алаң қалыптастыру қажет. Парламент депутаттары биыл мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын қарайтын болады.

Жиында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Кемел Сәдбеков, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова, облыстық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Кеңес Әбсатыров баяндама жасады. Баяндамаларда мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау әлеуметтік саясатының жүзеге асуы, жұмыспен қамту, бизнестегі әлеуметтік жауапкершілік мәселелері сөз болды.

Жарыссөзге қатысқандар тарапынан мүгедек жандар өндірген өнімдерді өткізуге жеңілдіктер жасау, жаңа нысандарды қабылдағанда олардың жүріп-тұруын да ескеру, қызмет көрсету саласы мамандықтарына даярлау, кәсіподақтардың олардың демалуына қанша жолдама беріліп жатқанын есептеу, паралимпиадалық спортты жандандыру сияқты көптеген маңызды ұсыныстар айтылып, бұл мәселелер жиын қарарына енгізілді.