Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға араласуы үшін әлеуметтік кәсіпорындар ашатын мезгіл келді - Бекнұр Қисықов
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Әлеуметтік франчайзинг: мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін франчайзинг» деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибеліек конференцияда айтылды.
«Әлеуметтік франчайзинг» терминін алғаш рет 2007 жылы шыққан «Қазақстандағы франчайзинг» деп аталатын кітабымда қолданғам. Франчайзингтың өзі елімізде кең тарала қоймағандықтан әлеуметтік франчайзинг ол күнге дейін тамыр жая алмай отыр. Орталық Азия елдерін айтпағанда оған мысал бола алатын нәрсе көршілес Ресейде де жоқ. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз ету қоғамдағы ең күрделі мәселе болып қалуда», - дейді Франчайзинг одағы Директорлар кеңесінің төрағасы Бекнұр Қисықов. Оның айтуынша, әлеуметтік экономиканың құрамдас бөлігі болып саналатын әлеуметтік кәсіпорындар мен әлеуметтік франчайзингтің дамуы жалпы дүниежүзінде аса жоғары деңгейде емес. Дегенмен Алмания, АҚШ, Италия, Франция, Ұлыбритания елдерінің оң тәжірибесі өзгелерге үлгі-өнеге бола алады. Оған онда мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, арнайы бағдарламамалар қабылданып жүзеге асырылуда. Оған Италиядағы мотелдер мен Алманиядағы «Демарт» деген дүкендерін мысалға алуға болады.
Бекнұр Қисықовтың сөзіне қарағанда: «мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау және оларды жұмыспен қамтамасыз етуде әлеуметтік кәсіпорындар мен әлеуметтік франчайзингтің рөлі өте зор. Менің қазіргі таңдағы басты мақсатым мүмкіндігі шектеулі адамдарға білім жағынан көмектесу. Өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, оны өз елімізде дамытуға түрткі болу. Бұл бағытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр».