«Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары бекітілсін», - делінген Ашық НҚА портылында жарияланған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрық-жобасында.
Құжатта жазылғандай, ұлттық жоспар аясында мына жұмыстар қолға алынады:
- Мүгедектікке әкелетін туа біткен даму дерттерді және тұқым қуалайтын ауруларды анықтау тұрғысынан балаларды ерте скринингтен өткізу - қамту үлесін биылғы 92%-дан 2024 жылы 93%-ға жеткізу;
- Барлық 3 кезеңде (амбулаториялық, стационарлық, санаторий-курорттық) оңалту көмегінің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету - көрсетілген көмектің үлесін биылғы 45%-дан 2024 жылы 50%-ға жеткізу;
- Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру процесін материалдық-техникалық сүйемелдеудің орындалуын мониторингтеу;
- Өңірлер бөлінісінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны бойынша статистикалық деректерді қалыптастыру;
- Мүгедектігі бар адамдарды заманауи протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- Мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталықтарының желісін дамыту мәселесін пысықтау;
- Азаматтарды өмірдегі қиын жағдайда жүрген адамдардың санаттарына жатқызу өлшемшарттарын және мұқтаж азаматтарға, оның ішінде адам саудасы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқық бұзушылықтардан зардап шеккен адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер тізбесін өзектілендіру;
- Үйде қызмет көрсетілетін адамдар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, жоғары спорт шеберлігі мектептерінде, олимпиадалық дайындық орталықтарында және олимпиадалық резервті даярлау орталықтарында мүгедек спортшыларға жаттығу процесін ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
- Мүгедектігі бар адамдардың флюорографиялық, маммографиялық зерттеулермен қамтылуын және олардың қолжетімділігін мониторингтеу.
Бұйрық 9 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.