Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту үшін 6 кодекс пен 24 заңға өзгерістер енгізіледі - Т. Дүйсенова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту үшін ҚР заңнамасының 6 кодексі мен 24 заң жобасына өзгерістер енгізілмек.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған өзгерістерді тамыздың 15-інде Парламент қарауына ұсынбақшы. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жақсарту үшін 6 кодекс пен 24 заңға өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мүгедек жандардың қоғамдық инфраструктураға қолжетімділігін арттыруға, жұмыспен қамту мәселесі мен оларға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік көмекті жақсартуға бағытталған», - деді Т.Дүйсенова.

Еңбек министрі заңның ерекше солқылдақ тұстарын да атап өтті.

«Бізде жұмысқа тарту бойынша квота қарастырылған. Ол барлық салаларда және жұмысшылардың санына қарамастан үш пайыз ретінде белгіленген. Осының бәріне өзгеріс енгізу қажеттігі туып отыр», - деді ол.