Еркін күрестен жаттықтырушы, қоғам белсендісі Ержан Әмірханов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, құлайын деп тұрған ескі үйді паналауға мәжбүр мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуді сұраған болатын.
Осы мәселеге орай Кazinform тілшісіне Семей қаласының әкімдігінен жауап берді.
«Кожкомбинат көшесіндегі 19 пәтерлі бұл үй 1973 жылы салынған. 2021 жылдың 24 шілдесінде сараптама қорытындысы бойынша ресми түрде апатты жағдайда деп танылды. Ғимараттың тозу көрсеткіші 70% құрайды. Осындағы 7 пәтердің иелері «Жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған ҚР азаматтары» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй кезегіне тіркелген. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй кезек тәртібімен беріледі», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Әкімдік мәліметінше, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 2-бабы 14-тармағына сәйкес, кондоминиум объектісінің бөліктері (қасбеттері, кіреберістері, фойелері, холлдары) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі.
«Заңға сәйкес, тұрғын үйдің жай-күйі үшін жауапкершілік оның иелеріне жүктеледі. Тиісінше, пәтер иелері жөндеуге қаражат жинауға міндетті. Бұл жоғары аталған Заңның 32-бабы 7-тармағында көрсетілген», – делінген жауапта.