Мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған жоғары білім беру орталығы құрылмақ

Фото: Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған мамандандырылған жоғары білім беру орталығын құру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.

- 2025 жылы мүмкіндігі шектеулі студенттерге, оның ішінде есту қабілеті бұзылған адамдарға, арналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен консорциум құрылды. Қазіргі кезде осы консорциум негізінде мамандандырылған жоғары білім беру орталығын құру пысықталуда. Өз кезегінде, аталған орталық мүмкіндігі шектеулі студенттерге жағдай жасау үшін барлық жоғары оқу орындарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін болады, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның дерегінше, қостанайлық IT-мамандар елімізде бірінші болып есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған қазақ ымдау тілінің электрондық сөздігін әзірлеген.

- Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекске (163 бабы) сәйкес мүгедектігі бар адамдарға абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына орай ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады. Ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну тәртібі Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедек адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну қағидаларымен реттеледі. Мүдделі мемлекеттік органдар барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасау бойынша жүйелі түрде жұмыстарды жалғастыруда, - деді Ермек Көшербаев.

Қазақ ым-ишара тілі мен дактиль әліпбиін қабылдау мәселесі пысықталатындығын жазған едік.