Мұнай азайды: Қызылорда облысында оның орнын қандай салалар басады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында мұнай кен орындары сарқылып келеді. Соның салдарынан «қара алтын» өндіру көлемі төмендеп кетті.

Фото: Видеодан алынған скрин

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, кейінгі 5 жылда мұнай өндіру көлемі 1,3 млн тоннаға қысқарды.

— Бұдан экономиканы әртараптандыру қажет екені сезілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 5 жылда өнеркәсіп құрылымындағы мұнай өндіру саласының үлесі 15%-ға төмендеді. Есесіне өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10%-ға артып, экономиканың шикізатқа тәуелділігі біртіндеп азая бастады, — деді басқарма басшысы.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Аймақтың даму ерекшелігіне сәйкес негізгі басым бағыттар айқындалды. Олар — агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, энергетика, тау-кен металлургия және көлік-логистика инфрақұрылымы салалары.

Еске салайық, жуырда Арал қаласында жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауыты ашылды.