Мұнай бағасы қайта көтеріліп, Brent 80 доллардан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік мұнай бағасы Иран төңірегіндегі шиеленіс пен шикізат жеткізіліміне қатысты қауіптердің күшеюіне байланысты 1%-дан астам өсті.

Фото: Pexels

6 тамыздағы кешкі жағдай бойынша Brent маркалы мұнайдың қазан айындағы фьючерстері 1,04% өсіп, баррелі 80,28 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 0,81% қымбаттап, баррелі 75,83 долларға жетті.

Reuters мәліметінше, инвесторлар Иран мен Оман арасындағы келіссөздерге қатысты ақпаратты сақтықпен бақылап отыр. Нарық қатысушылары ықтимал келісімдер геосаяси шиеленісті қысқа мерзімде бәсеңдете алатынына күмән келтіреді. Бұған дейін жасалған келісімдердің көпшілігі ұзаққа созылмаған.

Мұнай бағасының өсуіне жеткізілімдерге қатысты қауіп те әсер етіп отыр. Агенттік мәліметінше, Йемендегі хуситтер Қызыл теңіз бен Аден шығанағында Сауд Арабиясының танкерлеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ал Иран АҚШ тарапынан жаңа соққылар жасалған жағдайда Парсы шығанағындағы елдердің энергетикалық инфрақұрылымына жауап шараларын қолдануы мүмкін екенін ескертті.

Сонымен бірге Сауд Арабиясының қыркүйек айында азиялық сатып алушылар үшін Arab Light маркалы мұнайдың ресми сату бағасын сәл төмендетуі нарыққа кесірін тигізді. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, геосаяси ахуалдың шиеленісуі мұнай бағасының әзірге жоғары деңгейде сақталуына ықпал етіп отыр.

Бұған дейін ОПЕК+ қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін арттыру туралы келісімге келгенін хабарлағанбыз. ОПЕК±ке кіретін жеті ел, оның ішінде Қазақстан, Сауд Арабиясы және Ресей 2026 жылғы қыркүйектен бастап мұнай өндіруді тәулігіне 188 мың баррельге арттыруға келісті. Бұл шешім әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты қолдау мақсатында қабылданды.