Мұнай бағасы қай деңгейге дейін төмендейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кездегі мұнай нарқына байланысты өзгеріп отырған әлемдік қаржылық-экономи­калық оқиғалардың бізге де тікелей қатысы бары айтпаса да түсінікті.

Маусым айының басында күрт құлдыраған теңгенің нарқы айдың соңына қарай қайтадан еңсе тіктей бастады.

Қазақ­стан Респуб­ликасының жағ­дайында теңге бағамы - тіршілік бағамы. Теңгең болса - теңе­лесің, біраз байлыққа кенелесің. Бұл енді өте маңызды сұрақ. Себебі, нарықтық қатынастар орнағаннан бері халық ақшаның да, басқаның да қадірін түсіне бастады. Бұл жердегі әңгіме тек қана азаматтардың қалтасындағы қаржыға байланысты емес. Әңгіме мемлекеттік қаржыға, оның үстіне қос бірдей дағдарысты бастан өткерген әлем жағдайындағы мемлекеттің қаржысына байла­нысты.

Қазір ел арасында қаржылық дағдарысқа, девальвацияға, ық­тимал Еуразиялық одақтың ортақ валютасына байланысты әңгіме гу-гу. Біреу анау дейді, біреу мынау дейді. Бірақ, нақты тұжырым да, нақты сенім де жоқ.

Соңғы кезде қаржылық дағда­рыстан әбден үрейленіп қалған халық өз қалтасынан бұрын мемлекеттің қаржысы туралы ойланып-толғануды әдетке айнал­дырды.

Шенеуніктер пікіріне құлақ түрер болсақ, елдің экономикасы мен қаржысына байланысты біржақты шешім ести алмаймыз. Кейбір сарапшылар осыған байла­нысты еліміздің қаржылық-экономикалық жағдайы онша мәз емес-ау, деген пікірлердің де шетін шығара бастады.

Маусым айындағы теңгенің құнсыздануы осы күмәнға су құя түскен сияқты еді. Мұнай бұрын­ғысынша құнын арзандата баста­ған кезде маусымның соңына қарай теңге қайтадан еңсе тіктеп отыр.

Соның алдында ғана Қазақ­стан­ның монетарлық билігі Амери­каның көк қағазына деген сұра­нымның өскеніне алаңдай баста­ған. Осы тенденцияға орай Мемле­кет басшысының аузынан дедол­ларизацияның мүддесін қорғаған сөздердің шыққаны да рас.

Осының бәрі қаржы көзі моно­экономикаға негізделген біздің жағдайымызда мұнай нар­қына тікелей байланысты екені айт­паса да белгілі. Қазір брэнд маркалы мұнайдың құны қайта көтеріліп, Қазақстан сияқты қаржы көзі макроэкономикаға негізделген мемлекеттердің шүкір­шілік ете бастаған жағдайы аңғарылады.

Рас, мұнай құны әдепкі 46 доллардан әжептәуір  төмендеп, ел экономикасына айтарлықтай әсер етті.

Ал егер сөйткен мұнай құны одан да құлдырап, 30 немесе 25 долларға жетсе не болмақ?

Бағзы бір сарапшылар мұндай жағ­дайдың әбден ықтимал екенін алға тартуда. Себебі, мұнай нар­қы - алдымен құдайдың еркінде дегенімен, бергі дүниедегі құдіретті күштердің ықпалында болып отыр.

Бұл жердегі мәселе қаржыгер­лер мен саясаткерлер қазіргі дағдарыс жағдайында елдің ар­қасүйер ең басты тетігі санап отыр­ған Ұлттық Қорға байланысты.

Ұлттық Қордың ықтимал қар­жылық-экономикалық дағдарыс жағдайында елдің әл-ауқатын, бәрінен бұрын халықтың тұрмыс­тық жағдайын жақсартуға жұм­салатынын Қазақстан Президенті Назарбаев бірнеше мәрте айтып та өткен.

Қазір Қазақстан экономикасы құдайға сенуі өз алдына, бағасы күнде өзгеріп отырған мұнайдан да гөрі сол Ұлттық Қордың жинақ­талған қаржысына арқа сүйеп отырғаны даусыз.

Жеме-жемге келгенде, осының бәрі ұлттық экономиканы сақтап қалудың бірден-бір тетігі мұнай ғана емесін көрсетеді. Тәуелсіздігін кеше алып, бір формациядан қара­ма-қарсы екінші формацияға өткен жас мемлекеттің бірден макро­экономикаға, яғни, табиғи ресурс­тар өніміне арқа сүйеуі де заңды болатын.

Дегенмен, қазір жағдай өзгерді. Бүгінгі қазақ, кешегі қазақ емес, сауда-саттықты да, экономикалық тетіктерді де жақсы біледі. Қазір қазақ билігі ұлттық экономиканы өрістетудің, Ұлттық Қорды қайта­дан толықтырудың жаңа тетіктерін іздестіре бастады.

Оның басты амалы - туризм! Басқаны айтпағанда, бауырлас түрік елінің мемлекеттік бюд­же­тінің қомақты бөлігін осы туризм саласынан түсетін түсімдер  толық­тырып отыр. Ал Испанияның мемлекеттік ұлттық бюджетінің 62 пайызы туризмнің үлесінде.

Ал қазақ даласында табысы шаш-етектен осынау саланы дамы­тудың мүмкіндіктері жеткі­лікті. Көкшетау мен Бурабайды, Қар­қаралы мен Баянауылды айтпа­ғанда, Алакөлдің шипалы суының өзі, ондағы туристік заманауи инфрақұрылымның өзі не тұрады?!

Демек, Қазақстан жағдайында Ұлттық Қорды одан әрі толық­тырып, ел экономикасын нығай­тудың мүмкіндігі жеткілікті деген сөз.