11:42, 14 Сәуір 2009
Мұнай бағасы қайта арзандауда
ЛОНДОН-НЬЮ-ЙОРК. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат - Жетекші мұнай биржаларында кеше, сәуірдің 13-інде өткен сауданың қорытындысы бойынша мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы қайта арзандады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Алдағы айда жеткізілетін мұнай фьючерстерінің ресми бағасы: Лондон биржасында - IPE Brent Crude маркалы мұнай үшін - 1,92 долларға арзандап, 52,14 доллар/баррельді құраса, Нью-Йорк биржасында - Light, Sweet Crude Oil маркалы мұнай үшін ? 2,19 долларға арзандап, 50,05 доллар/баррельді көрсетті. Иранның мұнай министрі Голямхоссейн Нозаридің болжамынша, 2009 жылдың ІІІ тоқсанында «қара алтынның» бағасы 60 доллар/баррельге жетеді. Журналистердің алдында сөйлеген сөзінде министр, 2009-2010 жылдардағы мұнай бағасына қатысты пікірін білдірген болатын. Оның айтуынша, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) «қара алтын» өндірісінің көлемін әрі қарай қысқарту туралы ұстанымы мұнай бағасының динамикасына байланысты болады.