«Биылғы ақпанда Энергетика министрлігі облыстық әкімдіктермен және жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс орындарын сақтау қалу, сондай-ақ әлеуметтік дамуды қолдау мақсатында бірлескен меморандумдарды жасады. Министрлік жүргізген талдауға сүйенсек, 2015 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда саладағы жұмысшылар айтарлықтай қысқармағандығы (0,4 пайызға) байқалды. Яғни бірінші тоқсандағы 117 625 адамнан, екінші тоқсанда 117 127-ге дейін. Кадрлардың қысқартылуы NCOC компаниясында қайта құрылымдау нәтижесінде орын алды», - деді Ұ. Қарабалин.
Оның айтуынша, инфляциялық таргеттеу туралы қабылданған шешім саладағы ахуалды айтарлықтай жеңілдетті. «Осыған дейін 50-ге жуық компания тиімсіздік жағдайына жақындаған болатын. Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, бүгінде кейбір компанияар жалақы төлеу мен әлеуметтік міндеттемелері бойынша өздерін оңтайлы сезіне бастады», - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар ол биылғы сегіз айда Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 53,4 млн. тоннаға жеткендігін атап өтті. Бұл көрсеткіш жоспардағы көлемнің 99,4 пайызын құрады.