Мұнай бағасысының арқасында 2023 жылы бюджет профициті болады - Ұлттық банк

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылы бюджет тапшылығы жойылып, 7 млрд доллар көлемінде профицит тіркелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты.

«2023 жылы мұнай бағасының барреліне 90 долларға дейін біртіндеп төмендеу сценарийі кезінде төлем балансының ағымдағы шотының профицит аймағына өтуі күтіледі. Болжамдарға сәйкес профицит 7,0 млрд долларды құрап, сауда балансының жақсаруымен қамтамасыз етіледі.

Төлем балансының әдіснамасы бойынша тауарлар экспорты 81,6 млрд долларға дейін 35% ұлғаяды. Экспорт әлемдегі мұнай, металл, уран мен дәнді дақылдар бағасының жоғары болуына байланысты өседі», - деді Ұлттық банк өкілі.

Дегенмен, ол бұл тенденцияның тұрақсыз екенін айтты.

«Тауарлар импорты жоғары деңгейде қалып, 44,2 млрд долларға жетеді. Шетелдік өнімді тұтынудың артуы қазақстандық өндірістің ішкі сұранысты қанағаттандыруға шамасы жетпей жатқанын көрсетеді. Оның орнын фискалдық шығыстар көлемін өсіру арқылы жабылып жатыр.

Ағымдағы шот профициті тұрақсыз және дайын тауарлар экспортының көлемі айтарлықтай төмен болып отыр. Оған шикізаттың, бірінші кезекте мұнайдың әлемдік бағасының жоғары деңгейде болуы да әсер етеді», - деді Ақылжан Баймағамбетов.