Мұнай дәуірінің сабағы: көмірді бүгін шикілей сатамыз ба, ертеңге сақтаймыз ба

АСТАНА. KAZINFORM - Бұл мақала Қазақстанның көмір қоры әлі 300 жылға жететіні туралы да емес, көмірді зиянсыз энергия көзіне айналдыратын технологияларға басымдық беру қажеттігі жайында да емес. Мұнай дәуірінің сабағын көмір индустриясын дамытуда қалай пайдалана алатынымыз хақында болмақ.

Коллаж: Kazinform / Nano Bananа

Стратегиялық ресурс

Қазақстанда көмірдің стратегиялық маңызы әлі ұзақ уақыт сақталатын түрі бар. Ұлттық энергетикалық теңгерім жоспарында көмір бастапқы энергия тұтынудың 45,4%-ын алып тұр. Табиғи газдың үлесі – 31,4%, мұнай мен мұнай өнімдері – 21,1%. Бір жыл бұрын көмірдің үлесі 47,2% болған. Көрсеткіш азайғанмен, елдің энергиямен қамту жүйесінде көмір әлі де негізгі ресурс болып отыр. KEGOC мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 123,1 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. Оның 74,4%-ы жылу электр станцияларына тиесілі. Көмір станциялары елдің солтүстік және орталық өңірлеріндегі энергетикалық жүйенің негізгі тірегі болып қала береді.

2025 жылы электр энергиясын тұтыну 3,8% өсіп, 124,6 млрд кВт/сағатқа жетті. Өнеркәсіптің, жаңа өндірістердің және DATA орталықтардың сұранысы алдағы жылдары электр энергиясына сұранысты арттыра түседі.

Мемлекет көмір өндірісін арттыруға ниетті

Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған көмір генерациясын дамытудың ұлттық жобасын бекітті. Құжат бойынша сегіз жаңа энергетикалық нысан салу, қолданыстағы 11 нысанды жаңғырту жоспарланған. Жаңа және жаңғыртылатын қуаттардың жалпы көлемі шамамен 7,8 ГВт болады. Жобаға бюджеттен тыс көздерден кемінде 7,5 трлн теңге инвестиция тарту көзделген.

Жоспарланған нысандардың қатарында Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған қалаларындағы жылу электр орталықтары, Қарағанды мен Екібастұздағы станциялар бар. Жобаның мақсаты – электр қуатының тапшылығын азайтып, өнеркәсіп пен жаңа технологиялық инфрақұрылымның сұранысын қамтамасыз ету.

Бұл жоспар көмірге деген сұранысты ұзақ уақыт бойы сақтауы мүмкін. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 115,9 млн тонна көмір өндірілген. Оның 85,9 млн тоннасы ішкі нарыққа бағытталып, 30 млн тоннасы экспортталған. 2026 жылы өндіріс көлемін 128,9 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. 2025 жылы көмір өнеркәсібіне 305 млрд теңге инвестиция тартылса, 2026 жылы 553 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделген.

Коллаж: Kazinform / Nano Bananа

Энергетика министрлігі елдегі қорды 33,6 млрд тонна деп бағалап, қазіргі өндіріс қарқынымен 300 жылдан астам уақытқа жететінін мәлімдеген. Ал Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың соңындағы минералдық-энергетикалық ресурстар есебінде көмір қоры 28,7 млрд тонна деп көрсетілген.

Қалай болғанда да, Қазақстанда көмір қоры мол. Бірақ қордың көптігі оны өндіруді шексіз арттыруға негіз болу керек пе? Бұл сұрақ мұнай-газ саласындағы өкініштерді еске салады.

Мұнай дәуірінен сабақ алдық па?

Мұнай дәуірі берген негізгі сабақтың бірі – барланған қордың молдығы одан түсетін табыстың тұрақтылығына кепіл бола алмайды. Бұл индустрияда «жеңіл мұнай» дәуірі аяқталып келеді. Қазір жаңа қор табу да, бұрыннан игеріліп жатқан кен орындарынан мұнай өндіру де барған сайын қиындап, қымбаттап барады.

Фото: Марат Сағындықовтың жеке мұрағатынан

Энергетика министрлігіне қарасты Мұнай кен орындарын барлау және игеру жөніндегі комиссиясының мүшесі Марат Сағындықов Vlast басылымына берген сұхбатында жаңа мұнай қорын табу барған сайын қымбат әрі тәуекелі жоғары жұмысқа айналғанын айтады.

- Бұрғылау барған сайын тереңдей түсті. Ал бұл мұнайдың өзіндік құнын арттырады, – дейді сарапшы.

Ол ескі кен орындарындағы қорды өндіру деңгейі шамамен 30% ғана екенін атап, полимерлі суландыру технологиясын енгізсе, өндіріс шығыны азаюы мүмкін деген ұсыныс айтады.

Фото: Асқар Исмаиловтың жеке мұрағатынан

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов та ескі кен орындарындағы өндіріс құнының өскенін айтады. Оның бағалауынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарында бір баррель мұнай өндірудің өзіндік құны 5-10 доллар шамасында болса, ҚазМұнайГаз бен қытайлық компаниялар игеріп жатқан ескі кен орындарында бұл көрсеткіш 40-50 долларға дейін жетуі мүмкін. Себебі қабат қысымын ұстап тұру үшін қосымша айдау ұңғымаларын бұрғылап, өндіру технологиясына көбірек қаржы жұмсауға тура келеді.

Энергетика министрлігінің 2024 жылғы мәліметінде ірі жобалардан тыс қалған кен орындары елдегі мұнай өндірісінің шамамен 30%-ын қамтамасыз ететіні, олардың басым бөлігі игерудің соңғы кезеңіне өткені айтылған. Министрлік 2040 жылға қарай осы кен орындарындағы өндірістің төмендеу үрдісі жалғасатынын болжаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұнай өңдеу тым кеш қолға алынғанын айтқан еді.

- Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз, - деді Мемлекет басшысы.

Бұл сын көмір индустриясының болашағы үшін де өзекті. Қазақстан мол көмір қорын өндіру мен экспорттаумен шектеле ме, әлде оны терең өңдейтін өндірістерді алдын ала дамыта ма? Мұнай саласында шикізат өндіру қуаты мен оны өңдеу мүмкіндігінің арасында қалыптасқан алшақтық көмірге қатысты стратегияда да қайталанбауы керек.

Шикізатты экспорттау мен терең өңдеудің айырмасы

2025 жылы Қазақстан 30 млн тонна көмір экспорттады. Негізгі сатып алушылар қатарында Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Малайзия бар. Экспорттың басым бөлігі көмірді шикізат күйінде сатуға негізделген. Осы шикілей сатылып жатқан көмірді коксқа, синтетикалық сұйық отынға, газға, аммиакқа, карбамидке және химия өнеркәсібіне қажетті басқа да өнімдерге айналдыруға болады. Мұндай өндірістер көмірдің әр тоннасынан түсетін экономикалық қайтарымды өзгертіп, қосылған құн үстеуі ықтимал.

Энергетика министрлігі 2026-2031 жылдарға арналған көмір химиясын дамытудың жол картасын әзірлеген. Құжатта металлургиялық кокс пен синтетикалық отын өндіру жобалары, көмірден газ, аммиак, карбамид шығару бастамалары қарастырылған. Министрлік дайын өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігін де атап өткен.

Коллаж: Kazinform / Nano Bananа

Жобалардың қатарында Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу бар. Жобаның құны – 132 млн доллар. Павлодар және Қарағанды облыстарында көмірден жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіретін екі жоба жоспарланған. Олардың құны тиісінше 63 млн және 65 млн доллар деп көрсетілген. Бұдан бөлек, көмір шайырын өңдеу, бензол өндіру, көмірден газ алу, аммиак пен карбамид шығару жобалары пысықталып жатыр.

Бұл бастамалардың бірі құрылыс немесе инвестициялық дайындық кезеңінде болса, енді бірі әлі қарастырылып жатқан жоба ғана.

Көмірдің стратегиялық құны технологияға да байланысты

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат еткен. Ал көмір генерациясын кеңейту жоспары осы мақсатпен қатар жүзеге асырылмақ. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның көмір станцияларын салу жоспарлары мен ұзақ мерзімді климаттық міндеттемелері арасында қайшылық бар екенін атап өткен.

Үкімет жаңа станцияларда заманауи технологиялар мен шығарындыларды тазарту жүйелерін қолдануды көздейді. Мұндай технологиялар зиянды заттардың бір бөлігін азайтуы мүмкін. Бірақ көмір жағудан бөлінетін көмірқышқыл газын толық жоймайды.

Қазақстан көмірді пайдаланудың екі бағытын қатар қарастырып отыр: бір жағынан, электр энергиясына деген ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін өндіру мен генерацияны кеңейту; екінші жағынан, көмір химиясы арқылы одан жоғары қосылған құнды өнім алу.

Көмірді жер астында сақтау өздігінен экономикалық стратегия емес. Сол сияқты оны барынша тез өндіріп, экспорттау да ұзақ мерзімді пайдаға кепілдік бермейді. Шешім көмірдің қай бөлігі ішкі энергетикаға қажет екенін, қандай көлемін экспорттау тиімді екенін және қай кен орындарындағы көмірді терең өңдеу экономикалық жағынан ақталатынын есептеуге сүйенуі керек.