Мұнай-газ химиясы саласына ұзақ мерзімді тұжырымдаманы әзірлеу керек - сенатор

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Сағындық Лұқпанов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамыту мәселелерін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде осы саланы дамыту қажеттігіне қатысты мәселені бірнеше рет көтергенін атап өтті.

Сенатор аталған саланы дамытудың нақты тетіктері айқындалатын ұзақ мерзімді кезеңге арналған жеке стратегиялық құжат қабылдауды ұсынды.

Депутат көрші Ресейде мұндай құжат 2014 жылы қабылданғанын және бұл мұнай-газ химиясы саласына оң әсер еткенін атап өтті. Жалпы сомасы 20 млрд АҚШ долларын құрайтын 16 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Сондықтан, осы оң тәжірибені назарға ала отырып, Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу мәселесін қарау қажет.

«Тұжырымдамада мұнай-газ химиясы жобаларын қолайлы құны бойынша шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу көзделуі керек. Бұл мәселені шешудің мүмкін жолдарының бірі - газдарды одан әрі өңдеу нәтижесінде тауарлар өндірілген жағдайда акциздің екі еселенген мөлшерінде салық шегерімін қолдану болып саналатын кері акциз механизмін енгізу. Мұнай-газ химиясы кластерін құру кезінде қолда бар барлық ресурстарды тиімді пайдалану, артық, негізсіз көлік шығындарын болдырмау, әкімшілік шығындарды азайту үшін негізгі өндірістерді бір өңірде орналастыруды қамтамасыз ету қажет», - деді сенатор.

Депутат сонымен қатар Үкімет басшысына бұл үшін қайтарымды негізде жеңілдікті несиелер бере отырып, газ бөлу қондырғыларының құрылысын ынталандыруды ұсынды.