«Жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өндіруші компаниялар өздерінің айналымдағы қаражатының 1 пайызын маман даярлауға жұмсаулары керек. Бұл қаражаттар, соның ішінде шетелдік компаниялар қаражаты қайда? Сіздер неге осы жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар? Ал бюджеттен неге осы мақсатқа қаражат шығындалып жатыр?» - деді вице-спикер Д. Назарбаева «Кәсіпқор холдингі» төрайымы Елдана Сәдуақасоваға қарата айтқан сөзінде.
Сонымен қатар, Дариға Назарбаева «Кәсіпқор холдингі» негізінен жеке компаниялар үшін мамандар даярлап жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, мемлекет қазынасынан 12,8 млн. доллар бөлініп, бұл қаражатқа жеке компаниялар үшін мамандар даярлануда.
«Егер мұнай-газ секторына келсек, Қазақстанда техникалық және кәсіптік оқу орындарында жын сайын 7,5 мың адам бітіріп шығады, олардың тек 2,5 мыңы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып жатыр. Соған қарамастан, неге осы салаларға мамандар мемлекет есебінен оқып жатыр, неге мамандарға зәру кәсіпорындар өздері оқытпайды?» - деді Д. Назарбаева.
Өз кезегінде «Кәсіпқор холдингі» АҚ төрайымы Елдана Сәдуақасова білім беру бағдарламалары негізінен мұнай-газ компанияларымен мақұлданғанын, сосын оның үш бағыты бойынша 600 студент оқып жатқанын атап өтті. «Біз әзірше өз ісімізді құрып жатырмыз, оны ілгері жылжытсақ, сосын біртіндеп бізге мұнайгаз компаниялары да келе бастайды. Жоспар бойынша өтпелі кезең бес жыл бойы жалғасады, сосын шетелдік әріптес колледждердің оқытушыларына үш жыл бойы жалақы төлеп келеміз, ал төртінші жылы өз бетімізше жұмысқа кірісеміз. Қазір осы бағытта Атыраудағы «Кәсіпқор» колледжінде 39 шетелдік оқытушы келісімшартпен жұмыс істеп жатыр, кейін оларды өзіміздің оқытушылар алмастыратын болады», - деді Елдана Сәдуақасова.