«Мұнай мен газды тасымалдау және сақтау» бағыты бойынша өткен жиынға мемлекеттік органдардың, салалық компаниялардың, қауымдастықтардың, жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Ләззат Ахмурзинаның төрағалығымен өткен отырысқа Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Елтай Әлиев те қатысты.
Кездесу барысында салалық біліктілік шеңберін жаңарту, кәсіби стандарттарды еңбек нарығының сұранысына бейімдеу және салаға қажетті кадрларды даярлау мәселелері талқыланды.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген кәсіби стандарттар конструкторы мен Career Enbek цифрлық платформасын таныстырды.
Сонымен қатар талдамалы орталық жаңартылған салалық біліктілік шеңберін ұсынды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылға арналған жоспар аясында:
– 8 кәсіби стандарт жаңартылады;
– 11 жаңа кәсіп карточкасы әзірленеді;
– қолданыстағы 2 кәсіп карточкасы жаңартылады.
Барлық карточка мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленіп, Career Enbek платформасына орналастырылған.
Жиында NCOC N.V. компаниясының қосымша 15 кәсіп карточкасын енгізу жөніндегі ұсыныстары да қаралған.
Министрлік салалық біліктілік жүйесін дамыту мұнай-газ саласына бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан мұнай өңдеуді 39,2 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді.