Мұнай-газ саласында жергілікті қамтуды орындамаған компанияларға 128 млн. теңге айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай-газ саласында жергілікті қамту бағытындағы міндеттемелерді орындамаған компанияларға 128 млн. теңге айыппұл салынды. Бүгін «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті. Еске салайық, кеңесте «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша мәселелер талқыланған еді.

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда жер қойнауын пайдаланушы компаниялар арасында қазақстандық үлесті арттыру тренді байқалып отыр. Мәселен, мұнай мен газ саласында жұмысты, тауарлар мен қызметтерді сатып алудың жалпы мөлшері 80 пайызға артқан, яғни 1,5 трлн. теңгеден 2,7 трлн. теңгеге жеткен.

«Оң ілгерілеушіліктердің болғанына қарамастан, қазақстандық үлеске, жергілікті қамтуға қатысты шарттарды барлық компаниялар орындап отырған жоқ. Егер 2012 жылы бұл көрсеткіш орындалуы 75 пайыз болса, 2013 жылы төмендеп, 69 пайызға түсті. 2013 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті қамту бағытындағы міндеттемелерді орындамаған компанияларға 128 млн. теңге айыппұл салынды», - деді В. Школьник.

Министрдің сөзіне қарағанда, сатып алулардың ашықтығын сақтауға қатысты жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу динамикасы да төмендеген.