Мұнай-газ секторының әлеуеті қандай?

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында мұнай-газ кешенінің алатын орны маңызды. Себебі, ұлттық экономикада мұнай және газ өнімдері ішкі сұранысты қамти отырып, осы шикізаттың ауқымды бөлігі экспортқа шығарылады. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік бюджеттің басты табыс көздерінің бірі.Сонымен бірге, елімізде мұнай-газ саласынан түсетін түсімдерді жинақтайтын Ұлттық Қор 2001 жылдан бастап жұмыс істеуде.

     Бүгінгі күні дүниежүзілік мұнай қорының 3%-на ие Қазақстан әлемдегі мұнайға бай 15 елдің қатарына кіреді. Мұнай-газды аудандар еліміздің 62% аумағына орналасқан және 80-нен астамы игеріліп отырған 172 мұнай кен орындарын қамтиды. Мұнай қорларының 90%-дан астамы- Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кеңқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозащы, Әлибекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское ірі кен орындарына шоғырланған. Кен орындары  Қазақстанның 14 облысының алтауында орналасқан. Олар - Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Бұл ретте, көмірсутектері қорларының шамамен алғанда 70%-ы Қазақстанның батысында топтасқан.

      Мұнай-газ саласы елімізге түсетін табыстың ауқымды бөлігін құрайды. Мәселен, еліміздің 2012 және 2013 жылдар бойынша берген EITI есептеріне қарағанда, мемлекеттің шикізат өндіру саласынан түскен табысы, жылдық есепке шаққанда, 30 млрд. доллардан сәл астам болған. Бұның ішінде мұнай мен газдың үлесі 93 пайызды құраған немесе шамамен 28 млрд. доллар болған. Өткен 2014 жылы мұнайдың орташа бағасы 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштен төмен деңгейде қалыптасты. Ал биыл  тым тұрақсыздық байқалып, баға құлдырауы жалғасуда. Яғни, биылғы мұнай табысы  көлемінің 20 млрд. доллардан да төмен болып шығуы ғажап емес. Бұл - бір жағынан алып қарағандағы көрініс.

     Ал екінші жағынан алып қарағанда, мұнай-газ секторы мемлекетіміздің фискалдық табысының 55 пайызын береді. Қазақстан экспортындағы мұнай мен газ конденсатының үлесі 70 пайызға жетеді екен. 2014 жылы Қазақстаннан сыртқа сатылған мұнайдың көлемі  күніне 1,719 млн. баррель, яғни  шамамен 20 млрд. долларды құрайды.

      Ұлттық қорда үстіміздегі жылдың тамыз айының басында 68 млрд. доллар ақша жинақталыпты.  Алайда, мұнай бағасының күннен күнге арзандауы ел бюджетіне ауыр тиюде. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, әлемдік бағадағы құбылыс ел бюджетін 180 млрд. теңгеге кемітті. Бұл туралы Мемлекет басшысы жыл қорытындысына арнап журналистерге берген сұхбатында айтқан болатын. «Біздің сыртқа шығаратын тауарларымыз, оның ішінде мұнайдың бағасы былтырғы жылдың ортасындағы 140 доллардан 40 долларға жақындап отыр. Тек қана бұл емес, сыртқа шығаратын металдар, мұнай мен газ бағасы төмендеді. Бұл төмендеу біздің бюджетті де 180 млрд теңгеге кемітті. Бұл аса үлкен ауқымды қаражат. Осыған байланысты не істеуіміз керек екенін анықтап, біз жұмыс істеп жатырмыз. Оның барлығын халыққа айтып та отырмыз», - деді Н.Назарбаев. 

          Бұл саладағы өндірістік көрсеткіштер алдағы уақытта да өсе бермек. Өйткені елімізде ашылып, игеріліп не игерілгелі жатқан мұнай қорының көлемі - ғаламат. Мәселен, бір ғана Қашағанның кен орны бойынша 2020 жылға қарай мұнай өндіруді 13 млн. тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

      Бұдан шығатын қорытынды, әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстанның мұнай және газ саласы даму үстінде. Өткен жылы Қазақстанда мұнай экспортының көлемі 62,4 млн. тонна болса, газ өндіру 43,2 млрд. текше метрді құрады. Еліміз аумағы арқылы өтетін халықаралық газ транзиті 91,4 млрд. текше метрді құрады. Өткен жылы Қазақстанда газдандыруды дамытудың бас кестесі әзірленген болатын. Соған сәйкес, 2030 жылға қарай, оның деңгейі 56 пайызға жетеді немесе 1,6 мың елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Демек, дағдарысқа қарамастан даму бар және ол ең алдымен, қазіргі қиындықтар тұсында елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын белгілі бір деңгейде ұстап тұруға жәрдемдесетін болады.