Мұнай компанияларының ілеспе газды жер қабатына айдау орындылығы тексеріледі
«Болжамды деректерге сәйкес, 2030 жылға қарай шикі газ өндіру 87,1 млрд текше метрді құрайды. Оның ішінде үш ірі жобаның (Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобалары) өндіру үлесі 83 пайызға жетеді. Сонымен қатар, өндірілген 87,1 млрд текше метр газдың тек 42 млрд текше метрі ғана тауарлық газға қайта өңделеді. Қалған газ қайтадан жер қабатын айдалады және өз мұқтаждықтарына пайдаланылады. Қазіргі уақытта біз газды айдаудың үлкен көлемінің орындылығын қайта қарау бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз», - деді Болат Ақшолақов.
Министрдің дерегінше, Қарашығанақ жобасында өндірілетін 19 млрд текше метр газдың жартысына жуығы қайтадан жер қабатына айдалады.
«Жалпы, жер қабатына газды кері айдау қабаттық қысымды ұстап тұру үшін ақталған шара саналады. Қарашығанақ кен орнында газды пайдалану мен өңдеудің балама мүмкіндіктерін зерттейміз. Ал Қашағанда игеру тұжырымдамасы газды алу мен өңдеуге негізделген», - деді ол.