Мұнай мен газ - Қазақстанның басты шикізат байлығы
Қара алтынға бай Қазақстанның Атырауы да бұрыннан ғалымдардың назарында болатын. Сол себепті, патшалы Ресейден келген кәсіпкерлер қазақ жеріндегі мұнай ошақтарын іздеуге, зерттеуге және барлауға келісім шарт жасап, Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Қарашүңгіл алаңында алғашқы бұрғылау жұмыстарын 1894 жылы бастап кеткен болатын. Бұл жоба бастамасынан тура 5 жыл өткеннен кейін, яғни 1899 жылы қараша айында ресейлік Леман атты кәсіпкер жоспарланған 20 ұңғыманың 7-ін ұңғылағанда, 40 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атқылайды. Дәл осы оқиға Қазақстандағы алғаш мұнайдың өндірілуі болып тарих бетіне жазылады. Содан кейін 1911 жылы сәуірде Атырау облысындағы Доссор кенішінен жаңа мұнай көзі табылады. Одан шыққан жоғары сапалы мұнай әлемдік деңгейде назарға ілінеді. Доссордағы аспанға шапшыған мұнай шашырандысының биіктігі 20-25 метрге дейін жеткен болатын.
Екі жылдан соң Атырау облысында (бұрынғы Гурьев) Мақат кеніші ашылды. Мақат - Атыраудың үшінші ірі мұнайлы ошағы. 1914 жылы Мақат пен Доссор екеуінен 200 мың тоннада астам мұнай өндіріле бастады.
Кеніштегі мұнай өндіру ісі басталғаннан кейін үш жыл өткенде Ембі кәсіпорынының айналасындағы жұмысшылар саны 6 000 адамға жуықтаған болатын. Ал Доссор болса, үлкен қалаға айналды.
Айтпақшы, бұрынғы КСРО, одан кейiнгi ТМД елдері арасында мұнай және газ өндiрумен айналысатын төрт ел бар. Олар - Қазақстан, Ресей, Түрікменстан мен Әзербайжан. Бұлардың соңғы үшеуi мұнай және газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерге қайтып жете алмай келеді. Ал Қазақстан болса, өз кезегінде дүниежүзіндегі мұнай өндіруші ең ірі жиырма мемлекеттің қатарына енді. Сонымен бірге көмірсутекті шикізат қорлары бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарынан да орын алды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мұнай өндіру жыл сайын 10 пайызға өсіп отыр. Мамандардың пікіріне сүйінсек, қара алтынды өндіруден Қазақстан осы қарқынды сақтап отырса, еліміз әлемдегі ірі өндірушілердің қатарына қосылмақ. Қазіргі уақытта Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 90 млн. баррельден астам) 1,8 пайызын (күніне 1,719 млн. баррель) беріп жатыр.
Дүниежүзіндегі ең ірі өндірушілер қатарында еліміз 2014 жылдың аяғында 18-ші орынға шыққан. Қазіргі таңда Қазақстанның мұнай өнімдері Еуразияның ондаған елдеріне экспортталады. Оған қоса, қара алтынды игеретін басқа да жаңа нарықтар қарастырылуда. Бүгінгі күні Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі елдегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын, ал экспорттан түсетін табыстың жартысынан астамын құрайды.
Бұл саланың серпінді дамуына бүкіл еліміз үлкен үміт артып отыр. Еліміздің мұнайы мен газы - бүгінгі күннің несібесі, болашақтың іргетасы болып қала бермек.