Мұнай зауыттарын жаңғырту ішкі нарықта тұрақтылық орнатты – Мағзұм Мырзағалиев
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Павлодарға жасаған сапарында кәсіпорынға тиесілі мұнай өңдеу зауыттарының 2023 жылғы жұмысын қорытындылап, 2024 жылға арналған жоспарды талқылау мақсатында отырыс өткізді.
Жиын кезінде ұлттық компанияның еншісіне кіретін Павлодар мұнай-химия зауытының, Атырау мұнай өңдеу зауытының, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» және «CaspiBitum» ЖШС бас директорлары өздері басқарып отырған кәсіпорындардың былтырғы өндірістік-қаржылық нәтижелері туралы баяндады.
Аталған мәліметтер негізінде «ҚазМұнайГазға» тиесілі мұнай өңдеу зауыттары 2023 жылы өндірістік жоспарды тиімді орындағаны атап өтілді.
Мысалы, өндірістегі ашық түсті мұнай өнімдерінің сапасы 72,2%-ға жетті. Бұл өз кезегінде рекордтық көрсеткіш саналады. Сондай-ақ мұнай өңдеу технологияларының тереңдігі 85,5%-ды құрады.
Кәсіпорын зауыттары бензин өндірісін де арттырып отыр. АИ 92 бензинінің өндірісі 2022 жылмен салыстырғанда 5%, АИ 95/98 өндірісі 17%, сұйытылған мұнай газының өндірісі 8%-ға ұлғайған.
Зауыттарда жүргізілген жүйелі жұмыстың арқасында елімізде ішкі жанар-жағармай нарығында көп жылдан бері алғаш рет тұрақтылық орнағаны байқалды.
«Жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін шығару көрсеткіштері асыра орындалды. Нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жолындағы міндеттемелерін толық атқарды», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Жиынды қорытындылаған компания басшысы жоғарыда айтылған көрсеткіштерді әрі қарай жетілдіру үшін қандай шаралар қабылдануы керектігін тізіп шықты.
Ең әуелі мұнай өңдейтін зауыттардың тұрақты және апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Межелі өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, инвестициялық жобаларды мерзімінде орындау, ішкі нарыққа (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жанар-жағармай станцияларына – ред.) дизель отынын сату мәселелері де компания жұмысының басым бағыттары болатыны айтылды.