Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.
Жобаны талқылау барысында депутат Зейнолла Алшымбаев ішкі нарықтағы жанармай бағасын тұрақтандыру мақсатында шағын зауыттар салу мәселесін көтерген болатын. Осыған орай министрліктің көзқарасын білуді де айтып еді. «Бұған дейін жаңа зауыт салу туралы мәселе көтерілгенімен, олар тоқтатылғаны белгілі. Бәлкім, шағын зауыттарды іске қосып, сол арқылы өнім көлеміне әсер етсек, өнім көлемі жанармай бағасына да жақсы әсер берер?», - дейді депутат. «Тағы бір зауыт салатын мәселе бар, бірақ ол зауыт 2020 жылдан бастап салынуы керек деген ойдамыз. Соған дейін қолданыстағы үш зауытты жаңғыртып, соның қуатын пайдалана алсақ, сол жеткілікті. Ал шағын зауыттарға келсек, егер олар еуростандарттарды сақтаса оларды да қолдауға болады. Жалпы, біз ішкі нарықта еуро-2 стандартын қолданып келеміз. Шағын зауыттардың бұны орындауға еш мүмкіндігі жоқ. Ал егер жаңа технологиялар пайда болып, стандарттарды игере алатын шағын зауыт саламын дейтіндер болса, біз оны қолдаймыз. Тіпті жеңілдіктер көрсетіп, ынталандырамыз», - дейді Сауат Мыңбаев.
17:21, 11 Мамыр 2011
Мұнай өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы тек 2020 жылдан кейін қолға алынуы мүмкін - Мұнай және газ министрі
АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда мұнай өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы тек 2020 жылдан кейін қолға алынуы мүмкін.