Мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM - Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.

Фото: Reuters

- Бұл ретте консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары жарамды жағдайда, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеуді дереу бастауға дайын, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты және резервуарлық парктердің шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу мақсатында мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіру көлемдеріне жоспарлы түрде түзету енгізгені айтылады.

Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

- Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және салалық мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға тұрақты түрде мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге қажетті жағдайларды жасау жөнінде үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатыр, - делінген министрліктің хабарламасында.

Осыған дейін министрлік КҚК арқылы мұнай тұрақты экспортталып жатқаны туралы   хабарлаған болатын.