Мұнай өнімдерін өткізу нарығындағы үш холдингтік компания доминанттар тізбесінде

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мұнай өнімдерін өткізу нарығы үш холдингтік компаниялармен (ҚазМұнайГаз, ПетроҚазақстан және Гелиос тобы) монополияланды (65%-ға дейін).

Бұл туралы бүгін Астанада өткен алқа мәжілісінде Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы Мәжит Есенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Агенттік жоғарыда көрсетілген компанияларды доминанттар тізбесіне енгізді. Олардың тарифін қалыптастыруды Үкімет қадағалайды. Бұл бағаның ауытқымауына, егіс науқанын тапшылықсыз өткеруге, сондай-ақ әлемдік авиа нарығында ұлттық авиакомпаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, 2009 жылы аталған нарыққа 74 тексеру жүргізілді. 34 нарық субъектісіне қатысты материалдар сот және құқық қорғау органдарына берілді. Осындай субъектілерге қатысты айыппұлдың жалпы сомасы 1,9 млрд. теңгені құрайды.

Сонымен қатар, бағаның өсуі, сондай-ақ жанар-жағармай қамтамасыз етудегі тұрақсыздық ашық мұнай өнімдері (35%-ға дейін) және қайта өңделетін мұнай (55%-ға дейін) бойынша импортқа едәуір тәуелділіктің болуына байланысты. Бұл проблеманы орта мерзімді кезеңде мұнай өнімдері айналымын мемлекеттік реттеу туралы жаңа заңды қабылдау, сондай-ақ Үкімет орта және ұзақ мерзімді перспективаларда қабылдайтын бірқатар жүйелі іс-шаралар шешуге мүмкіндік береді. Бұл 2014 жылы Қазақстанға жанар-жағармайдың нетто-экспорттаушы елі атануына мүмкіндік береді.